Оңтүстік Қазақстанда 700 мыңнан астам көшет отырғызылды

Аймақ
06.05.2015, 10:05

Оңтүстік Қазақстан облысында биылғы жылдың көктемінде 700 мыңнан астам ағаш көшеттері отырғызылды. Өңір халқын табиғатты аялауға шақыру, қоршаған ортаны қалпына келтіру және сақтау, сондай-ақ қалалармен елді мекендер айналасын көгалдандыру мақсатында «Жасыл аймақ» іс-шара жоспары жүйелі түрде іске асып келеді.

Биыл «Жасыл аймақ» іс-шара жоспары аясында жалпы 617 мыңнан астам түрлі ағаш көшеттері егілді. Атап айтқанда елді мекендер маңайындағы 270 гектарға «Жасыл аймақтар» құрылып, онда 117,7 мың, ал, өңірдегі саябақтар мен гүлзарларда, көше бойларында, білім, спорт, денсаулық және мәдениет нысандары аумақтарын көгалдандыру мақсатында 1156 гектарға 499,6 мың түп ағаш көшеттері отырығызылды. Сенбілікке облыстық, қалалық мекеме қызметкерлерімен қатар, қала тұрғындары, жастар қауымы белсене қатысты. Бұл күні көшеттер отырғызылып, қаланың барлық саябақтары, арықтары, жиек жолдар мұнтаздай тазартылып, ағаштар әктелді. Қоқыстар шығарылды. Қала тазалығы үшін жалпы саны 18 мыңнан астам қала тұрғыны мен 35 техника жұмылдырылды. "Шәмші аллеясында" өткен сенбілікке облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қаныбеков пен Шымкент қаласының әкімі Дархан Сатыбалды арнайы қатысып, көпшілік қауыммен бірге өздері де ағаш көшеттерін отырғызды. - Ел аумағында үшінші қала атануға ниетті Шымкент қаласының бүгінгі бет-бейнесі алғашқы кезекте тазалықтан бастау алады. Осы іске белсене атсалысу арқылы қала тұрғындары өз қаласын сүюге, қала мәдениетін қалыптастыруға айтарлықтай бет бұратыны сөзсіз. Демек, бүгінгі шараның өзіндік мән-маңызы да жоғары болмақ, - дейді қала әкімі Дархан Амангелдіұлы. Сондай-ақ, 18 сәуір «Бүкілқазақстандық ағаш отырғызу күні» аясында оңтүстікқазақстандықтар ұйымшылдықпен бір күнде 83 мыңнан астам ағаш көшеттерін отырғызды. Аталған акцияға қатысқан 36520 адам айналаны қоқыстан тазартып, арық-атыздарды ашты.

Сұхбат

PhotoRoom