Қызылордада даңқ мәрмәр тасы ашылды

Аймақ
06.05.2015, 17:43

Ұлы Жеңістің туы көк аспанда желбіреп, азаттық пен егемендіктің ұраны айтылғанына биыл 70 жыл толғалы отыр. Жылдар сырғып өткен сайын қан майданда жаумен арпалысып, ұрпағына бейбiтшiлiк күнiн сыйлаған соғыс ардагерлерiнiң де қатары азайып барады. Көбісі келместің кемесіне мініп, ерліктің, батырлықтың үлгісіне айналып, ұрпақтарының жадында мәңгі сақталып қалды.

48bc2d6f44d92eb8ae4c34d6b9826b9a

Бүгін осы Ұлы мереке қарсаңында, ардагерлерді еске алып, ерліктерін ұлықтау мақсатында Ішкі істер органдарында абыройлы қызмет еткен ардагерлерге, оның ішінде соғыс ардагерлеріне арналған мәрмәр тақтаның салтанатты түрде ашылу рәсімі өтті. Салтанатты рәсімге Ішкі істер органдарының Ұлы Отан соғысы ардагерлері, соғыс ардагерлерінің туыстары, Қызылорда облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы, департамент басшылығы және жеке құрам қатыстырылды.

Салтанатты шара Қазақстан Республикасы Әнұраны ырғағымен ашылып, ҚР Ішкі істер министрі полиция генерал-полковнигі Қ.Қасымовтың құттықтауы оқылды. Департамент бастығы полиция полковнигі Ж.Сүлейменов соғыс ардагерлерін, жалпы ішкі істер органдары ардагерлерін Ұлы Жеңіс мерекесімен құттықтап, бұл соғыста ерлікпен қаза тапқан әр батыр атамыздың тарих төрінен орын алатыны және ұрпақтары жеңіс алауын сөндірмей, Отан үшін от кешкендерді жүрек түкпірінде ұстайтынын ерекше атап өтті.

Шара барысында Ішкі істер министрі, полиция генерал-полковнигі Қасымов Қалмұханбет Нұрмұханбетұлының марапаттау жайлы бұйрығы ресми түрде оқылып, министр бұйрығымен Ұлы Отан соғысы ардагерлері Әбішбеков Ислам Құрмет грамотасына ие болды. Қызылорда ОІІД бастығы полиция полковнигі Ж.Сүлейменовтің бұйрығымен департаменттің 15 ардагері, сондай-ақ өз қызметтік міндеттеріне адалдықпен қарап, құқықтық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуде ерекше көзге түскен департаменттің бірнеше қызметкері марапатталды.

Одан әрі мерекелік іс-шара жас қызметкерлердің ант қабылдау рәсіміне ұласты. Полиция қатарына жаңа қосылған жас мамандар қызметті адал және абыроймен атқаруға, Қазақстан Республикасы азаматтарының құқығы мен бостандықтарын қорғауға салтанатты түрде ант берді. Қызылорда ОІІД басшылығы полиция қызметкерлерінің қатарын толықтырған әскери қызметкерлерді ант қабылдауларымен құттықтап, оларға әскери қызметте сәттілік тіледі. Әскери өмірге аяқ басқан жас буынды айтулы күндерімен ішкі істер органы ардагерлерінің атынан Ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Пейсов те құттықтап, азаматтық борыштарын абыроймен атқаруларына тілектестік білдіріп, ыстық ықыласын жеткізді.

Шара барысында ішкі істер органдарында абыройлы қызмет атқарған Ұлы Отан соғысының 102 ардагерінің аты жазылған мәрмәр тақтаның ашылу рәсімі өтті. Ескерткішті Ұлы Отан соғысының ардагері Бержанов Махамбет пен тыл еңбеккері Байтоқаев Пірімбет ашып, ескерткіш тақтаның құрылысында белсенділік танытып, 1 күндік жалақыларын аудару арқылы материалдық тұрғыдан көмек көрсеткен полиция қызметкерлеріне алғыс білдірді. Бұдан кейін жиналғандар 1 минут үнсіздік жариялап, соғыста қаза болғандарды еске алып, рухтарына тағзым етті.

Ұлы Отан соғысының ардагері Бержанов Махамбет 1943 жылы Ұлы Отан соғысына шақырылады. Забайкал әскери округі 36-шы армиясының 293-ші атқыштар полкінде Чита облысында әскери борышын атқарып, 1945 жылы жапон соғысына қатысады. Ішкі істер органдарына 1954 жылы кабылданып, Қармақшы аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы лауазымына дейін көтерілген. Ұлы Отан соғысы жылдарында «Жапонияны жеңгені үшін» I дәрежелі орденімен, «Ерен еңбегі үшін», «Кеңес милициясына–50 жыл» медальдарымен наградталып, «Үздік қызметі үшін» омырау белгісімен марапатталған.

Іс-шара ескерткішке гүл шоқтарын қоюмен қорытындыланып, шара соңында келген қонақтар естелік суретке түсті. Сонымен қатар, ардагерлердің құрметіне мерекелік дастарқан жайылып, концерттік бағдарлама қойылды.

Bnews.kz

Сұхбат

PhotoRoom