Қазығұртта Жеңістің 70 жылдығына орай жаңа кешен ашылды

Аймақ
06.05.2015, 19:39

Оңтүстікте Ұлы жеңістің 70 жылдығына орай түрлі бастамалар қолға алынып, жүзеге асып жатыр. Солардың бірі — Қазығұрт ауданында тағы бір тарихи «Бабалар рухына тағзым» атты кешен ашылды. Еңбек ардагері, заң ғылымдарының докторы Бекет Тұрғараевтың ұйытқы болуымен қолданысқа берілген нысанда ауданнан екінші дүниежүзілік соғысқа аттанған 416 жауынгердің аты-жөні тасқа қашалып жазылған. 1941-1945 жылдары Отан алдындағы борышын өтеуге шақырылған қазығұрттық 416 азаматтың 281-і майданда қаза тапса, 135-і елге аман-есен оралған. Шараға Қазақстанның халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері Ә.Кекілбаев, Республикалық ардагерлер ұйымының төрағасы Ө.Озғанбаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаттары мен өңір тұрғындары және БАҚ өкілдері қатысты. Жиында сөз алған облыс әкімі А.Мырзахметов: – Тарихын танымаған, тегінен нəр алмаған тозады. Ұлы даламыз тарихқа да өсиет пен қасиетке де тола екендігін сіз бен біз жақсы білеміз. Міне осы тарихы терең құндылықтарымызды бүгінгі ұрпаққа жеткізіп, оны болашаққа аманаттау Елбасының «Мəңгілік Ел» идеясымен ұштасып жатқандығы көрініп тұр, – деді. Жиын соңында қонақтарға естелік кәдесыйлар табысталып, дүниеден озған ардагерлердің рухына ас берілді.

Сұхбат

PhotoRoom