«Майдангерлер» атты қысқаметражды фильмнің тұсаукесері өтті

Аймақ
06.05.2015, 20:04

Облыстық ішкі саясат және дін істері басқармасының тапсырысы бойынша Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерекесіне орай түсірілген «Майдангерлер» атты қысқаметражды филімнің тұсаукесері өтті.

Фильмге көрермен ретінде зиялы қауым, ардагерлер, қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдар, саяси партиялар, мәдениет және  жастар өкілдері барлығы 300 аса адам қатысты.

Іс-шара барысында облыстық ішкі саясат және дін істері басқармасының басшысы Б.Құрманғали сөз сөйлеп, «Түсірілген бұл фильмде соғысқа облыстан аттанған  батырлардың өмір жолы мен Отан үшін айқасқан жанқиярлық  ерлігі туралы баяндады.

Әскери борышын орындау кезінде өзінің жанын пида етіп, батылдық пен ерлік символына айналған батыр бабаларымыздың Жеңіске қосқан үлесі жайында баяндайтын бұл фильм соғыс жылдары жасаған өшпес ерліктері үшін Кеңес Одағының батырлары мен барша қазақстандық ұландардың құрметіне, сондай-ақ Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған бірден бір құнды туынды» деді. Басты рөлді сомдаған актерлерді Алғыс хаттармен марапаттады.

Отансүйгіштікті ұран еткен қысқаметражды көркем фильмнің өскелең жас ұрпаққа айтар ойы, берер тәлімі мен тәрбиесі өте зор.

Фильм жас ұрпақты Отанды сүюге, бірлікке, адамгершілік пен бауырмалдыққа үйретуге, халықтар арасында ынтымақтастық пен достық байланыстарын нығайта түсуге шақырады.

Фильмді түсіру жұмыстары Шымкент қаласының Қазығұрт мөлтек ауданы мен Бәйдібек ауданы Бірлік ауылында, сонымен қатар, Абай саябағының «Даңқ» мемориалында жүргізілді.

Тұсаукесерге «Майдангерлер» фильмінің басты рөлін сомдаған танымал актерлер Ошат Рахимов, Мұхан Шакиров, Мәжит Ильясқаров, Асылхан Төлепов, Құпия Рахымбердиева, Айжан Жұмабекова, Ғалымжан Қалыбаев, Құрманай Бақтиярқызы, Олжас Бекбаев, Азиза Түлкібаева, Қабыл Батыр және т.б. қатысты. Фильмнің ұзақтығы 25 минут.

Фильм Жеңіс күні қарсаңында республикалық және облыстық телеарналардан көрсетілетін болады.

 

Сұхбат

PhotoRoom