Шымкенттегі қыш зауыты 14 млн дана қыш шығарып үлгерген

Аймақ
08.05.2015, 11:05

Ашылғанына бір жыл ғана болған Шымкенттегі қыш зауыты күніне 70 мың дана күйдірілген кірпіш шығарады. Жергілікті өнім аймақтағы қарқыны үдей түскен құрылыс жұмыстарында қолданылуда. Отандық өнімге сұраныс жоғары. Зауыт ашылғалы бері қыштың 14 млн данасын шығарып үлгеріпті. Мұнымен көпқабатты 36 тұрғын үй салуға болады екен. Кәсіпорындағы осы заманғы озық технологияның тілін ауыл азаматтары толық меңгерген. Қондырғылар жыл он екі ай тоқтаусыз жұмыс істейді. Қазір 65 адам үш ауысыммен еңбек етіп жүр. Зауыттағы құралдар жылына бір рет қана - тозған бөлшектерін ауыстырып, тұтас тазалау үшін ғана тоқтатылады екен. Шикізат та жергілікті жердікі. Ол сапа мен бағаға да әсер етеді.

Заманауи кәсіпорынға қазандық Қытайдан құрастырған күйінде тұтастай әкелінген. Ішіне бір мезетте 41 тіркеме емін-еркін сияды. Газбен жанатын пештің ыстықтығы 900 градусқа дейін жетеді. Бүгінде зауыт 350 тонна шикізаттан тәулігіне 70 мың дана қыш шығарып жатыр. Бастысы, отандық өнім экологиялық таза. Жол, электр желісі мен газ құбыры индустрияландыру бағдарламасына сәйкес тегін тартылған.  Мемлекет қолдауының арқасында кәсіпорын еңсесін тіктеп, аяғына нық тұрып үлгерді. Нәтиже де жаман емес. Енді жылына 20 млн дана күйдірген кірпіш шығарылмақ. Зауыт өніміне сұраныс та анағұрлым артып келеді. Бұл заманауи озық технология мен қатар тынымсыз еңбектің жемісі, дейді мамандар.

Сұхбат

PhotoRoom