ОҚО әкімі: Жеңіс күні – бейбітшілікті жанымен қорғаған әкелер мен аналар ұрпақтарының мерейлі мейрамы.

Аймақ
09.05.2015, 16:08

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі А.Мырзахметов ардақты Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлерін және барша оңтүстікқазақстандықтарды Жеңіс күні мерекесімен құттықтады!

Әділдік жолында миллиондаған адамның өмірін қиған екінші дүниежүзілік соғыс барша адамзатқа ауыр қайғы-қасірет әкелгені шындық. Сол кезеңдегі алдыңғы буынның қайсарлығы мен төзімділігі біздің санамызда нағыз отансүйгіштіктің қайталанбас үлгісіндей болып қала бермек. Ұлы Отан соғысына өңірімізден 140 мыңнан астам адам аттанып, олардың жартысына жуығы туған жерге оралмады. Майдан даласындағы жанқиярлық ерлігі үшін оңтүстікқазақстандық 51 азаматқа Кеңес Одағының батыры атағы берілсе, 8 жерлесіміз «Даңқ» орденінің толық иегері атанды. Жаужүрек қайсарлығы үшін мыңдаған ардагерлеріміз түрлі орден, медальдармен марапатталды. Бүгінде от пен оқтың арасынан елге аман-сау оралған 427 майдангер мен 21779 тыл еңбеккері арамызда ғұмыр кешуде. Тылда күн-түн демей қажырлы еңбек еткен, тыл ардагерлеріне де бүгінгі ұрпақтың ризашылығы шексіз. Қан майданда ерлікпен қаза тапқан азаматтардың рухына тағзым етіп, Жеңіспен оралған ардақты ардагерлерді қадірлеу, құрметтеу, оларға қажетті әлеуметтік көмектер көрсету біздің перзенттік парызымыз. Мемлекет басшысының бастамасымен Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында еліміздегі ардагерлер мен тыл еңбеккерлеріне біржолғы материалдық көмектер берілді. Тұрғын үй кезегінде тұрған ардагерлерге баспана кілті табысталды. Әлеуметтік карта аясында 226 ардагердің үйлері жөнделді. Бұл бүгінгі ұрпақтың аға буынға көрсеткен қадір-құрметі мен ізгі ілтипатының бір парасы ғана. Жеңіс күні – сол кездегі әрбір төртінші азаматын соғысқа аттандырған бүкіл қазақстандықтардың және бүгінгі жарқын болашаққа батыл қадам жасаған тәуелсіз Қазақстанның мерекесі. Жеңіс күні – бейбітшілікті жанымен қорғаған әкелер мен аналар ұрпақтарының мерейлі мейрамы. Қадірлі Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлері! Сіздер, Отанға қалтқысыз қызмет етудің озық үлгісін көрсетіп, соғыстан кейін де аянбай еңбек еттіңіздер. Біз Сіздерді әрдайым құрмет тұтамыз, ерліктеріңізге басымызды иеміз. Жеңістің жетпісінші көктемі көңілдеріңізге нұрлы шуақ ұялатып, жарқын қуаныштар әкелсін! Сіздерге сергектік, мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасыларыңызға бақ-береке тілейміз! – делінген құттықтау сөзінде.

ОҚО баспасөз қызметі

Сұхбат

PhotoRoom