Мейіргерлер күні ерекше аталып өтті

Аймақ
13.05.2015, 17:30

12 мамыр – халықаралық мейіргерлер күніне орай, облыстық клиникалық ауруханасында арнайы іс-шара өтті. Үздік мейіргерді анықтау үшін конкурс ұйымдастырылып, оған қатысуға ниет білдірген үміткерлер қатары өте көп болды. Сонымен, хирургиялық, терапиялық және параклиникалық бөлімдердің әрқайсысынан мейіргерлер бас қосып, сыннан сүрінбей өту үшін намысты қолдан жібермеді. Ең алдымен олар өздерін таныстырды. Жай таныстырған жоқ, өнерлерін ортаға салып, бірден көпшілік назарын аудара бастады. Сосын сұрақ-жауап түріндегі сында шыңдалған шеберліктерін дәлелдеді. Кәсіби мамандықтарын қаншалықты жақсы көретіндіктерін, соған сай маман екендіктерін түрлі көріністермен көрсетті.  Көрермендерін риза етті.  Мейіргерлер сонымен қатар ас мәзірлерін де алға тартты. Олар үйде де нағыз аспаз болып жүргендерін дәлелдеу үшін тіл үйірер небір дәмдерді әзірлеп әкелді. Бесаспап мейіргерлер жеңімпаз атану жолында сегіз қырлы, бір сырлы болу керектігін істерімен білдірді.  Нәтижесінде конкурс қорытындыланып, кімнің жеңіске жеткені де анықталды. Атап айтқанда, 1-орынды терапия бөлімі иеленді. 2-орынды параклиника бөлімі алды. Ал 3-орын хирургия бөліміне бұйырды.

Барлық жеңімпаздарға облыстық клиникалық аурухана атынан тамаша дайындықтары үшін алғыс жарияланды. Сондай-ақ олар қайырымдылық қызметтің қазығын қаққан әйгілі Флоренс Найтингейльдің бейнесі бар арнайы Грамотамен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

 

Сұхбат

PhotoRoom