Түркістан қаласында Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған конференция өтті

Аймақ
13.05.2015, 17:39

Бүгін Түркістан қаласындағы Қ.А.Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде «Есім ханның ескі жолы – ауызша қағидалар жиынтығының озық үлгілері» тақырыбында аймақтық ғылыми конференция өтті. Іс-шараны Оңтүстік  Қазақстан және Жамбыл облыстық соттары ұйымдастырды,   бұл туралы ҚР Жоғарғы Сотының Баспасөз қызметі хабарлады.  Іс-шараға Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстық соттарының судьялары, ардагер судьялар, сот қызметкерлері, қоғам қайраткерлері, белгілі тарихшылар, құқықтанушы заңгер-ғалымдар, жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарының басшылары, қоғамдық бірлестіктердің, сондай-ақ оқу орындарының өкілдері, студенттер, БАҚ өкілдері қатысты.  Аталған форум Қазақ хандығының 550 жылдығын мерекелеу шеңберінде өткізілуде. Жалпы, мамыр айының бірінші жартысында еліміздің бірқатар облыстарында осындай бес конференция өтеді. Олар: Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыстары мен Алматы қаласы. Бұлардың әрқайсысында билер сотының қалыптасуы мен оның Қазақ хандығының құрылуы мен дамуына ықпалы жеке тақырып ретінде талқыланатын болады.  Бұл конференциялар Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты ағымдағы жылдың қыркүйек айында өткізуді жоспарлап отырған «Қазақ құқығы мен билер сотының төрелігі – қазақ мемлекеттілігінің феномені» тақырыбындағы халықаралық ғылыми конференцияға дайындық болып табылады. Іс-шарада сөз сөйлеген Жоғарғы Соттың судьясы Б.Мақұлбеков Жоғарғы Сот Төрағасы Қайрат Мәмидің қатысушыларға арналған құттықтау сөзін оқып берді. Қайрат Мәмидің конференция қатысушыларына құттықтауында Түркістан қаласы мен осы қасиетті мекенде орналасқан Қ.А.Яссауи кесенесі бүкіл түркі тектес халықты бір орталыққа жинаған киелі жер екені, онда сан ғасырға ұласқан тарихи шежіре, құнды жәдігерлер бары айтылған.  «Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойын өткізуге, елдігімізді тереңнен тануға ұйытқы болған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев екенін Сіздер жақсы білесіздер. Қ.А.Яссауи мешітіндегі ұлттық пантеон қазақ халқының ЮНЕСКО-ның тізіміне енгізілген ежелгі құндылығы және қаһарман хандарымыздың, данагөй билеріміздің, даңқты батырларымыздың жерленген жері. Бұл конференцияның киелі Түркістан қаласында өткізілуі және талқыланып отырған тақырып қазақ мемлекеттілігінің бай тарихын зерттеудің үлгісі ретінде өсер ұрпаққа мол тағылым берері сөзсіз», – делінген құттықтауда.

Конференцияда Жоғарғы Соттың судьясы, заң ғылымдарының кандидаты, доцент Б.Мақұлбеков, сот саласының ардагері, заң ғылымдарының докторы Б.Тұрғараев, түркология ғылыми-зерттеу институтының директоры Қ.Ергөбек, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті Гуманитарлық зерттеулер институтының директоры М.Мырзахметұлы, Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының төрағасы Н.Шәріпов, т.б. баяндама жасады. Іс-шара аясында «Қазақ хандығының тарихындағы Түркістанның орны» тақырыбында арнайы көрме және сурет, кітап көрсетілімдері ұйымдастырылды. Екі cессиядан тұратын конференция жұмысына белгілі тарихшы, заңгер, филолог ғалымдар, зерттеушілер мен жазушылардың 17 ғылыми баяндамасы оқылды. Аталған баяндамаларда Қазақ хандығы тұсындағы мемлекеттік билік, билер сотымен қазақтардың дәстүрлі құқығы тақырыбы жан-жақты талқыланды.  Іс-шараның қорытындысы бойынша конференция материалдарынан тұратын жинақ басылып шығатын болады.

 

 

Сұхбат

PhotoRoom