Шымкентте Стенд атудан республикалық спартакиада басталды

Аймақ
13.05.2015, 18:41

Бүгін Шымкент қаласында Ұлы Жеңістің 70-жылдығына арналған Стенд атудан Қазақстан Республикасының 4-ші спартакиадасы басталады. Спартакиаданың мақсаты Қазақстан Республикасында Стенд ату спортын танымал ету, спортшылардың спорттық шеберлігін шыңдау мен спортшылардың рейтингін анықтау, оларды алдағы республикалық және халықаралық жарыстарға дайындау болып табылады. Бұл дәлдеп ату спортын насихаттау және азаматтық қаруға деген қызығушылықты көтеру мақсатында ұйымдастырылып отыр. Олимпиада ойындарының бағдарламасына 1900 жылы кірген стенд атудан алғашқы Әлем чемпионаты 1935 жылы өткен болатын. Қазақстанда кенже дамыған спорт түрі болып саналатын стенд атудан Қазақстан құрамасы Олимпиада ойындарына қатысқанымен әлі күнге дейін жеңімпаз атанған ешкім болған жоқ. Жалпы ату спортының бұл түрінде арнайы алаңдарда лақтыратын құрылғылар мен лақтырылатын нысана-тарелкелер тегіс ұңғылы мылтықтан атылады. Қазақстанда ол ату спортының түрі ретінде 1934 жылдан бастап тарала бастады. Қазақстанда кеңестік дәуірде Еуропа чемпионы, Еуропа кубогының иегері, КСРО халықтары спартакиадасының чемпионы, командалық есептегі Әлем чемпионы болған спортшылар шыққанымен, қазір бұл үрдіс лайықты деңгейде өз жалғасын таппай отыр.Осы тұрғыда, 13-18 мамыр аралығында өтетін жарысқа Қызылорда, Маңғыстау, Қостанай, Павлодар, Алматы, Оңтүстік Қазақстан облыстарымен қатар Астана және Алматы қалаларынан 100-ден аса спортшылар қатысады. Дода 15 жастан жоғары жасөспірімдердің және ересек ерлер мен әйелдер арасында өтеді. Атқыштар екі жаттығу - дөңгелек стенд және компакт-спортинг бойынша бақ сынасады. Сонымен қатар, жарыста ХVII Жазғы Азия ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері Давыдова Анастасия, Дмитриенко Мария, Середа Оксана және Могилевский Андрей өз мергендігін көрсететін болады.

Сұхбат

PhotoRoom