Шымкент қаласындағы ИЧ-167/3 мекемесінде облыстағы қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелері шығаратын өнеркәсіп тауарлары мен ауылшаруашылық өнімдерінің көрмесі өтті, деп хабарлады ОҚО бойынша ҚАЖ департаментінен.«Шараның негізгі мақсаты - шағын және орта бизнес өкілдерін сотталғандар үшін жұмыс орындарын құруға тарту. Оңтүстікте бас аяғы 6 түрме бар. Соның ішінде сотталғандарды жұмыспен қамту бағытында бұл мекемеде 8 шағын цех жұмыс істеп тұр. Қазір мұнда 900-ге жуық жан жазасын өтеп жатыр. Алайда, олардың тек 110-ы ғана жұмыспен қамтылған. Мүмкіндіктің жоқтығынан емес, тапсырыстың аздығынан. Мақсат Алтынбеков алты жарым жылға бас бостандығынан айырылған. Темір тордың арғы жағындағы мерзімінің аяқталуына санаулы күндер қалды. Осы уақыт ішінде елгезек жігіт кәсіби білім алды. Жиһаз жасауды жетік меңгерді. Бұйыртса, осында игерген кәсібін одан әрі жалғастырмақ ниетте.
Шымкент қаласының кәсіпкерлері өндірісті орналастыру үшін жұмыс істемейтін цехтардың бос алаңдарын қарап шықты. Оларға пластик терезелерін, түрлі темір-бетон материалдарын, металл бұйымдарын (қоршау, қақпа, қоқыс контейнерлері және т.б), тігін бұйымдарын (арнайы киім, төсек-орын жабдықтары және т.б.), сондай-ақ нан-тоқаш өнімдерін шығаратын өндірістік цехтарда жұмыс істейтін сотталушылардың жасап шығарған өнімдері көрсетілді. Бұған арзан жұмыс күшін тапқан кәсіпкер де, еңбек етіп, қаражат тапқан жазасын өтеуші де риза. Тіпті, үлгілі ісімен көзге түскендердің кесілген мерзімі де аздап шегеріледі», - деп атап өтті аймақтағы ҚАЖ департаментінің өкілі Тұрсынай Рахмат.
Көрмеге ОҚО Кәсіпкерлер палатасы, облыс әкімдігінің кәсіпкерлерді дамыту басқармасының өкілдері, кәсіпкерлік қауымдастығының қызметкерлері, сондай-ақ негізінен құрылыс саласында жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлер қатысты.