Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында «Айғақ» телеарнасының түсірілім тобы дәстүрлі «Ұлы бабалар ізімен» атты жобасы аясында Белоруссия еліне аттанды. Бұл туралы «Айғақ» телекомпаниясының бас директоры Д.Әбіш мәлімдеде. Бұл жолы Беларусь майданында ерлік көрсеткен Кеңес Одағының Батырлары Бейсен Оңтаев, Хасан Мамытов, Тоғамбай Қауымбаев, Сейітқасым Әшіров, төлебилік партизан Қалшабек Исманов, жауынгер-жазушы Әбдіжаппар Жылқышиевтің қаһармандығы хақында деректі-документалды фильм түсіруді жоспарлап отыр. Сондай-ақ, Беларусь майданында қаза тапқан қазақстандық майдангерлер жөнінде де мол мұрағаттар жинақталмақ. Белоруссия мемлекетінің Гродно облысы Волковыск қаласындағы бауырластар зиратында жерленген Сәрсенбек Өзбековтің басына құран оқылады. Ол немістердің концлагерінде азапты ғұмыр кешті. Гомель облысы Буда-Кошелево ауданы, Чеботовичи ауылындағы белгісіз жауынгерлер зиратында жерленген лейтенант Нигманаджан Хашимоджановтың басына бару да жоспарланған.
Делегация құрамында Елбасының курстасы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның Құрметті металлургі Аманәлі Әбдіраманов пен ҚР Білім беру ісінің үздігі Марат Қыстаубаев, Төлеби ауданы ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжетай Жолымбеков, Қазығұрт ауданының Құрметті азаматы Молдабай Ілясов, Созақ ауданының құрметті азаматы Жұмабек Жүнісов, облыстық өзбек мәдени бірлестігінің төрағасы Ихрамжан Хашимжанов, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Шымкент қаласының Құрметті азаматы Серік Жанәбіл, «Оңтүстік Қазақстан» газетінің арнаулы тілшісі Сабырбек Олжабай, еңбек ардагерлері және тележурналистер бар.
Делегация мүшелері аттанар алдында Шымкент қаласындағы «Даңқ» мемориалды кешеніне гүл шоқтарын қоюды жоспарлап отыр. Сондай-ақ, оларды «Нұр Отан» партиясы Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары А.Мамытбеков арнайы қабылдамақ. Мұнан соң делегация «МұзТау» дәмханасында Ұлы Отан соғысынан оралмаған боздақтарға арналған дастархан басында құран оқып аттанады. Аталған іс-шараға Шымкент қаласындағы «Шыңғысбай қажы» мешітінің бас имамы Әділбай Тойшиев қатысып, құран бағыштайды.
Минскі қаласында қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезов атындағы мектеп бар. Биыл Абайдың туылғанына 170 жыл. Осы екі маңызды мәселені орайластырып, ұлы жазушы атындағы мектепте кездесу өткізу, дала қаһарманы Қажымұқан Мұңайтпасов Минскі қаласындағы циркте өнер көрсетіп, халықаралық чемпионаттың жеңімпазы атанған жерге бару көзделуде. Тарихта Шымкент қаласы 1914-1921 жылдары Черняев қаласы атанғаны белгілі. Черняев Түркістан өлкесінің тұңғыш генерал-губернаторы болды. Оның туылған жері Могилев облысы Круглянск ауданы, Тубышки деревньясында сапар жалғасады. Могилев пен Шымкент шаһары бауырлас қалалар болып табылады. Осы қарым-қатынасты одан әрі дамыту көзделіп отыр.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Жеңістің 70 жылдығын кеңінен атап өту жөнінде нақты тапсырмалар бергені белгілі. Салиқалы сапардың түпкі мақсаты да міне, осы.