Бүгін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Б.Сапарбаев Оңтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келді. Үкімет басшысының орынбасары алдымен биылғы жылдың ақпан айында ашылған №1 Шымкент қалалық балалар ауруханасында өткен жиында облыстық денсаулық сақтау саласының жұмысымен танысып, денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сейітжамал Пәкеевке « ОҚО- да жедел жәрдем қызметі қалай жұмыс істейді?» деген сұрақ қойды. Б.Сапарбаевқа жауап берген басқарма басшысының айтуынша, көмекке шақырылған жедел жәрдем қызметі 18 минутта белгіленген жерге келеді. «Қай жедел жәрдем көлігі қайда тұр, қай жерге шақырылды, қай жерде кетіп барады-барлығы орталықта көрініп тұрады», дейді. «Халықтың негізгі шағымы-жедел жәрдем қызметінің жұмысы. Содан кейін емханаларда кезекте тұру және жәрі-дәрмек. Қалғанының бәрі дұрыс»,-деді Б.Сапарбаев жиында. Сонымен қатар,сапар кезінде Б.Сапарбаев Шымкент қаласындағы «Қазына» этно-тарихи кешенімен танысты. Жалпы аумағы 75 гектарды алып жатқан кешенге «Бәйдібек би» ескерткіші, «Наурыз» алаңы, тарихи-өлкетану мұражайы, салт-дәстүр және әдеп-ғұрып орталығы, ипподром еніп, бірыңғай сәулеттік ансамбльді құрайды. Мұндағы «Жайлаукөлдің» жағалауы абаттандырылып, қазақ ауылы жасақталған. Қазіргі таңда бұл аймақ қала тұрғындары мен қонақтарының сүйікті демалыс орнына айналып отыр. Этносаябақта өңірдегі 27 тарихи-сәулеттік ескерткіштердің макеттері қойылған. Саябақтың ортасына диаметрі 21 метрлік түрлі-түсті субұрқақ салынып, оны айнала ротондалар орналасқан. Көл маңындағы демалыс аймағының көлемі 15 гектарды алып жатыр. Оның жағалауына 4 ротонда, қайық стансасы, автокөлік тұрағы салынып, киіз үйлерден тұратын қазақы ауыл орын тепкен.
ҚР Үкіметі басшысының орынбасары Шымкент қаласындағы «Karlskrona LC AB» ЖШС-ның жұмысымен танысты. Аталған кәсіпорын алғашқы рет өңірімізде дискілі бұрылмалы бекітпелер мен «Zulzer» консольді сорғылар өндіріп отыр. Жылына 6500 дана өнімді отандық нарыққа шығаратын зауыттың құны 2 млрд. теңгені құрайды. Бүгінде мұнда 20 адам жұмыспен қамтылған. Осы зауыттың өндірістік цехында Б.Сапарбаев еңбек қатынастары мәселелері жөнінде жиын өткізді. Жиынға өңірдегі мемлекеттік мекемелердің басшылары мен отызға жуық ірі және орта кәсіпорындардың жетекшілері, кәсіподақ ұйымдары мен үкіметтік емес ұйымдардың төрағалары қатысты. 20 мамырда ҚР Премьер-Министрі орынбасарының жұмыс сапары Түркістан қаласында жалғасады.