Бүгінгі таңда, батыр жайында бізге 200-ден астам ғылыми дерек көздері белгілі. Сондай-ақ, Бердіқожа батырдың өшпес ерліктері мен өмір жолын өскелең ұрпаққа үлгі етіп, оларды отансүйгіштік рухта тәрбиелеу мақсатында көптеген жұмыстар атқарылды.
Атап айтқанда: «Шанышқылы Бердіқожа батыр» атты кітап жарық көрді; Айтулы ақын Н. Айтұлының «Бердіқожа батыр» поэмасы жазылып, аудио нұсқасы дайындалды; Батырдың бейнесін қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді; Қайта жерлеу рәсімі өткізілді; Батыр кесенесінің жобасы дайындалды, және қоғамдық қор ашылды және деректі фильмдер түсірілді.
Батыр еңбектерімен тығыз байланысты көрнекті қоғам қайраткерлері мен белгілі тарихшы ғалымдардың, сондай-ақ, зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен «Шанышқылы Бердіқожа батыр: тың зерттеулер мен тұжырымдамалар» атты ғылыми-практикалық конференция апта сенбісінде М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті ғимаратында өтеді.
Қазақ халқының жоңғар шапқыншылығына қарсы жүргізген сансыз шайқастарындағы қолбасшылар арасында Бердіқожа батырдың айрықша аталуының терең мәні бар. Тарихи мәліметтерге сүйенсек Бердіқожаның ержүрек қолбасшы және қабілетті елші болғанын аңғарамыз.
Шежіреші Мәшһүр-Жүсіптің: «Шанышқылы Бердіқожа – Абылай заманындағы ең сенімді батырлардың бірі болған» деген сөзі оның ханның хас батырының бірі екендігін дәлелдесе керек. Бердіқожа батыр тек көзсіз батыр ғана емес, сонымен бірге Төле биден кейінгі үлкен саяси қайраткер, ұлы қолбасшы мәртебесінде құрметтелген. Абылай хан Бердіқожа батырсыз Хан кеңесін өткізбеген, жорыққа да шықпаған.