Студенттер лигасы ашылды.

Аймақ
21.05.2015, 10:10

Шымкенттегі «БИІК» спорт кешенінде шағын футболдан Ұлттық студенттер лигасының «Оңтүстік» өңірлік дивизионы командаларының бәсекесі басталды. Дүбірлі доданың ашылу салтанатында ҚР Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов қатысушыларды спорт мерекесімен құттықтады.

-Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында бұқаралық спортты дамыту туралы тапсырма берген болатын. Осыған орай, министрлік тарапынан салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған іс-шаралар қолға алынды. Соның бірі- студенттер арасындағы шағын футбол додасы. Бүгінде бұл сайысқа еліміздің 30-дан астам жоғары оқу орындарының командалар қатысуда. Олардың арасынан іріктеліп алынған ең үздік спортшылар Қазақстан студенттер құрамасына қабылданып, Бразалаияда өтетін әлем біріншілігіне қатысады,-деді ол.

Қазақстан футбол федерациясының вице-президенті Сәйділдә Байшақов пен облыс әкімі Асқар Мырзахметов те студенттер лигасының деңгейі жоғары екенін айта келе қатысушыларға сәттілік тіледі.

Шымкент төрінде футбол бәсекесін ұйымдастыру міндетін мойнына алған М.Әуезов атындағы ОҚМУ ұжымы салтанатты шараға жақсы дайындалған екен. Стадион жанкүйерге толып, додоның ашылу салтанатты кішігірім концерттік бағдарламамен өрнектелді. Алғашқы турда ОҚМУ-дың «Сұңқар» және ОҚО мемлекеттік фармацевтикалық академиясының «Қыран» командалары кездесті. Жалпы, сайысқа облысымыздағы 10 жоғары оқу орнының командалары қатысуда. Олардың ең үздіктері републикалық жарысқа жолдама алмақ.

Сұхбат

PhotoRoom