Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігінде жергілікті билік пен бұқаралық ақпарат құралдарының арасында ашық диалог орнату мақсатында «Оңтүстік ақпарат» баспасөз орталығы құрылды. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметінің басшысы Ж.Әбдіманап хабарлады. Облыс әкімі А.Мырзахметовтың бастамасымен құрылған баспасөз орталығында өңірде атқарылған жұмыстар туралы айтылып, орын алған түрлі оқиғалар жайлы тұрғындарға шынайы ақпарат таратылады. Яғни, билік пен БАҚ-тың ашық диалог жүргізетін алаңы әрі толыққанды мәлімет айтылатын мінбер болмақ. Халық арасында әр түрлі ақпараттар тарата отырып, қоғамдық пікір қалыптастыруға, саяси жұмыстар жүргізуге, мемлекеттің, әлеуметтік топтардың не жекелеген тұлғалардың мүдделі мұраттарын танытуға қызмет етеді. Бұдан былай басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдері және аумақтық орган басшылары әр аптаның сейсенбі, бейсенбі күндері журналистерге сұхбат беріп, брифингтер өткізеді. Бүгін «Оңтүстік ақпарат» баспасөз орталығында атқарылған жұмыстар және алда тұрған міндеттер жөнінде брифингті алғашқы болып облыстық ішкі саясат және дін істері басқармасының басшысы Берік Құрманғали бастады. ‒ Алдағы уақытта осында өтетін баспасөз маслихаттары мен брифингтер онлайн режимде өтіп, ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі өткізетін брифингтерге тікелей қосылу қарастырылуда,‒ деді Б.Құрманғали.