«Көгілдір отын» алауы- Төлебиде

Аймақ
26.05.2015, 12:17

Оңтүстік Қазақстан облысындағы Төлеби ауданында жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарының нәтижесінде жыл соңына дейін тұрғындардың 82 пайызы көгілдір отынды пайдаланатын болады. Осыдан 4 жыл бұрын бұл көрсеткіш 15 пайызға да жетпейтін. Ал осы айдан бастап табиғи газды тұтына бастаған Зертас ауылының тұрғындары тұрмыстарының қала жұртшылығымен теңескенін, енді көмір тасып, күл шығармайтынын айтып қуануда. Енді екі жылдан соң Төле би ауданындағы барлық елді мекен толығымен табиғи газ тұтынатын болады. Ол Зертас ауылында салынған автоматтандырылған газ бөлу стансасының арқасында мүмкін болып отыр. Енді ғана пайдалануға берілген стансаны салуға облыс қазынасынан 352 миллион теңге бөлінді. Оның бар жабдығы Қазақстанда жасалып, Оралда құрастырылған. Өңірде алғаш рет орнатылған мұндай отандық стансадан көгілдір отын алған Зертас ауылында 800 түтін бар. Битум зауытының шығаратын өнімі көбейіп, құс фабрикасы салынды. 66 гектар индустриалды аймаққа кәсіпкерлер жобасын ұсынып жатыр. Әуелхан Тұрғымбеков, Төле би ауданының әкімі: - Керек инфрақұрылымның барлығы жеткізіліп берілді. Индустриалды аймақтың артықшылығы ретінде облыс орталығына өте жақын орналасқанымызды айтуға болады. Өте тиімді, барлық жағынан артықшылығы бар. Биыл облыста ірілі-ұсақты 20 елді мекенге көгілдір отын жеткізіледі. Сөйтіп тұрғындардың табиғи газбен қамтылуы 36 пайызға жетеді.

Сұхбат

PhotoRoom