Бүгін «Оңтүстік» ақпарат баспасөз орталығында өткен брифингте Түркістан қаласындағы ОҚО Тарихи-мәдени-этнографиялық орталығының директоры Гүлжанат Дүйсенбаева облыс тұрғындары мен қонақтарға сапалы мәдени қызмет көрсету мақсатындағы мәліметтермен таныстырды. Орталықта жыл сайын өткізілетін мәдени шаралардың саны мен сапасы артуда. Биылғы жылдың 5-айында 64 көпшілік іс-шаралар өткізіліп келгенін тілге тиек етті. Ал өткен жылы орталыққа 30 мыңға жуық туристер келіпті. Бұл туралы ОҚО әкімінің баспасөз қызметі хабарлайды. 2011 жылы Елбасының қатысыумен ашылған бұл орталықта ежелгі тарихи дәуірден бастап, тәуелсіздік кезеңге дейінгілерді қамтитын 8 экспозиция бөлім қызмет етеді. Өткен жылы тарихи-мәдени-этнографиялық орталық 175 жәдігермен толықтырылып, 38 тұрақты және 16 жылжымалы көрме ұйымдастырылды. Сонымен қатар, 1327 экскурсия, 222 лекция, 114 көпшілік іс-шара өткізіліп, ақылы қызметтен түскен қаржы екі жарым миллионнан астам теңгені құрады. Ал биылғы жылдың бес айында орталыққа келушілер саны – 10 мыңнан астам адамды құраса, 20 тұрақты және 8 көрме, 621 экскурсия, 130 лекция, 64 көпшілік іс-шара өткізіліп, осы уақыт аралығында орталық 92 жәдігермен толықтырылды. Жалпы орталықта бүгінгі таңда 5 мыңнан астам жәдігерлер бар, ‒дейді Г.Дүйсенбаева. Брифингте орталық директоры құнды жәдігерлерді насихаттау мақсатында оқушылардың демалыс лагерлері мен Қызылорда облысының Жаңақорған елдімекеніне облысымыздың Арыс, Кентау, Темірлан елдімекендеріне көшпелі көрме ұйымдастырып жатқандығын баяндады.