Састөбе ажарлана түспек

Аймақ
09.06.2015, 16:26

Састөбе – заманында цемент зауытының арқасында дамып, көркейген елдi мекен. Мұндағы барлық әлеуметтiк-мәдени нысандар, көпқабатты үйлердiң бәрi де – зауыттың өз жұмысшыларына жасаған сыйы. Түлкібас ауданындағы Састөбе цемент зауыты өндіріс орнын қайта жаңғыртып, экологиялық нормаларға сәйкес технологиялық сүзгіш орнату жұмыстарын аяқтады. Жаңа жұмыс үрдісіне сай, зиянды қалдықтар электронды сүзгінің көмегімен сыртқа шығарылмай, зауыттың өндірістік тозаң қоймасына сақталатын болады. Осылайша, кәсіпорындағы қалдықтар ауаға жайылмай, шығарылған өнімнің экологиялық сапа стандарттарына толығымен сай болуына қол жеткізілді. Жоспар бойынша зауыттың екінші және үшінші пештеріне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, электрофильтрлер орнату жұмыстары толығымен аяқталды. 1952 жылы құрылған бұл кәсіпорын жанынан 1967 жылы әк өндіретін цех, екі қазандық іске қосылған болатын. Кәсіпорын бүгінде цементтің түрлі-түсті 7 маркасын шығарады. Жылына 400 мыңнан астам тонна өнім өндіретін зауытта бүгінде 550-ге жуық жұмысшы еңбек етеді. Сапасы жоғары сұранысқа ие өнімнің 40 пайызға жуығы шетелге экспортталуда. Шикізат базасы зауыт аумағында орналасқан. Кәсіпорын басшылығы өндірісте экологиялық талаптарды сақтау басты міндет екендігін айтады және 2019 жылға дейінгі кезеңде қоршаған ортаны қорғау, жергілікті тұрғындардың денсаулығын сақтау бағытында бірнеше тың экологиялық шешімдер жүзеге асатынын мәлімдеді. Сонымен қатар өндіріс орнының басшылығы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі шеңберінде іргелес жатқан елді мекендердің инфрақұрылымын жақсарту бағытында бірнеше игілікті жобалар қолға алынғанын айтып өтті.

Сұхбат

PhotoRoom