Облыстық «Мәдениетім — мерейім» өнер байқауын теріскейлік ағайын жалғастырды. Күй мен жырдың мекені саналатын Созақ ауданынан сайысқа қатысу үшін 300-ге тарта өнерпаз келіпті. Іс-шара әкімшілік-іскерлік ғимаратының алдында мерекелік алаңда өтті. Мәдениет күнінің мақсаты: Мемлекет басшысының «Қазақстан әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай жиырма қадам» мақаласында берген тапсырмаларды іске асыру, мәдениет мекемелерінің мәдени-рухани жұмыстарын насихаттау және оларға қолдау көрсету, келешек ұрпақты салауатты өмір салтына бейімдеу, жастар арасында халқымыздың ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарын кеңінен дәріптеу.
Мерекеде Созақ ауданынан келген өкілдер алаңға киіз үйлер тігіп, іші- сыртын безендіріп, ағаштан жасалған ыдыс-аяқтар, ұлттық ою-өрнекті құрақ көрпелерді көрермендерге ұлттық нақышта көрсетті. Соғыс жылдарын еске салар қылқалам шеберлерінің туындылары қойылды. Шымкент қаласының тұрғындары қолөнер шеберлерінің еңбектерін тамашалап, оларға жоғары баға берді. Сонымен қатар, аудан өнерпаздары 1,5 сағаттан аспайтын мерекелік концертті көрермендерге ұсынып, көпшілік көңілінен шыға білді. Концертте халық шығармашылығының жанрлары мен жыр-термелері, дәстүрлі әндері, ұлттық би сынды өнердің жанрларын насихаттады. Осылайша Созақтың өнерпаздары «Мәдениетім — мерейім» байқауының бесінші күнін қорытындылады.