Шымкентте «Жасыл ел» жасағы өз жұмысын бастады. Биыл «Жасыл ел жасағына» қатысушылардың саны 254-ке артты. Яғни, мыңға жуық жас еңбеккер өңірімізді абаттандыру жұмысын атқарып жатыр. Бүгінде М.Әуезов атындағы ОҚМУ-де ауыл шаруашылығы саласын меңгеріп жүрген студент жастар «Жасыл ел» бағдарламасының өркендеуіне өз үлестерін қосу мақсатында жалақыға жұмыс жасауда. Айта кетейік, бұған дейін әр студентке республикалық және жергілікті бюджеттен 36800 теңге айлық жалақы төленіп келген. Алайда биыл жалақының көлемі анағұрлым азайды. Және жасақтың құрамына да өзгерістер енгізіліпті.Мұхтар Сейтжапбаров, облыстық білім, жастар саясаты және тілдерді дамыту басқармасының бөлім басшысы: «Жасыл ел» бағдарламасына қатысатын жастардың орташа айлық жалақысы — 25-35 мың теңге көлемінде. Яғни, белгіленген сома жергілікті мердігер компанияның келісімге отыруымен байланысты. Біз тек студенттерді емес, сонымен қатар жұмыссыз жастарды да жасаққа шақырдық. Олар көбіне аудандарға жұмысқа аттанды». Жастар басқармасының басшылығы жалақының төмендеуін жұмыс беруші тарап, яғни, мердігер компаниялардың әрекетінен көреді. 18 400 теңге мемлекеттік бюджеттен бөлінсе, қалған 6600 теңге ғана жергілікті кәсіпорын тарапынан төленбек. Биыл студенттер Арыс, Ордабасы, Мақтаарал, Кентау, Шардара сынды 7 бірдей ауданға аттанды. Енді олар қазан айына дейін уақытпен бөлініп, кезекпен жұмыс жасайтын болады.