Азаматтардың партияға көптеп келуі - ол азаматтардың партияға деген сенімі - Б.Байбек

Аймақ
16.06.2015, 14:33

Күні кеше мақталы өңірге арнайы іс-сапармен «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек келіп, партияның аудандық филиалында қызметкерлермен кездесіп, жұмыс барысын пысықтады. Былтыр облыстық партия филиалына 583 азамат арызын айтқан. Олардың басым бөлігі «Нұр Отанның» араласуымен оң шешімін тапқан. Содан болар, биыл олардың саны еселенген. Өткен бес айда екі мыңнан астам адам арыз түсіріпті. Бұл біріншіден, партияға деген жұрттың сенімі болса керек. Бауыржан Байбек, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары: Азаматтардың партияға көптеп келуі - ол азаматтардың партияға деген сенімі. Бірақ басқа жағынан, ол билікте шешілетін мәселенің шешілмей жатқаны. Сол себептен, біз арыздарды жүйелі түрде бақылауға алып, оны зерттеп, зерделеп қарау керек. Сосын сол мемлекеттік органға барып, осы мәселені сол жақта шешілуі керек. Сондай-ақ, осы сапары кезінде Бауыржан Байбек аудандағы кәсіпкерлік мектебінде болды. Енді ғана есігін ашқан орталық бүгінге дейін 851 кәсіпкерге қызмет көрсетіпті. Олардың 271-і құжат рәсімдеу бойынша көмек алса, 336 кәсіпкерге жобаларын жетілдіру жағынан жәрдем тиген. Қалғаны оқытудан өткен. Төрағаның орынбасары осындағы әріптестеріне кәсіпкерлерге көптеп қолдау көрсетіп, партия құрамын толықтыруды тапсырды. Осы күні ауданда ең үлкен мешіт ашылып, Мырзашөлге келген мәртебелі меймандар мешіттің ашылу салтанатына қатысты. Жамағатқа енді ғана есігін ашқан «Нұғман» мешітінің құрылысы 2012 жылы басталған. Күмбезі күн сүйген Алланың ақ үйінде бір мезетте 1000 адам Құдайға құлшылық ете алады. Одан бөлек, мінәжат мекенінде отау құрған жастарға неке куәлігі беріліп, нәрестелерге азан шақырып, ат қою рәсімдерін жүзеге асыруға болады. Ал, мәрмәр таспен көмкерілген ғимарат жеке кәсіпкердің есебінен салынып отыр.

Сұхбат

PhotoRoom