Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ерлан Айтаханов Шардара ауданына жұмыс сапарымен барып, азаматтарды жеке мәселелерімен қабылдады деп хабарлады ОҚО әкімінің баспасөз қызметі. Сапар барысында алдымен өңір басшысының орынбасары ҰБТ сынағында алдыңғы бестіктің қатарынан көрінген М.Горький атындағы жалпы орта мектептің жұмысымен танысып, ұстаздардың білім ошағы жанынан қосымша оқу корпусы салынып, спорт алаңы кеңейтілсе деген ұсыныстарын тыңдады. Аудан әкімдігінде өткен қоғамдық қабылдауға алғаш болып кірген І топтағы мүгедек Асан Құнанбайұлы көпқабатты үйлерде мүмкіндігі шектеулі азаматтардың көтеріліп-түсуіне оңтайлы жағдай жасалуын сұрады. Сонымен қатар, Шардаралықтар жаңа емхана салуды сұраса, аудандық орталық ауруханада жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмысының аяқталу мерзімін нақтылады. Ал аудандық тарихи-өлкетану мұражайының меңгерушісі Нұрлан Сымайылов асар әдісімен салынған мұражай үйінің аумағын кеңейту үшін құрылысын жүргізуге облыстық бюджеттен қаржы қаралу мәселесін көтерді. Қабылдауға келген азаматтардың мәселелерін тыңдаған Е.Айтаханов жауапты тұлғаларға бір қатар тапсырмалар беріп, алдағы уақытта айтылған ұсыныстар назарға алынатынын айтты. Түс қайта аудан активімен кездесіп, ағымдағы жылдың бес айында атқарылған жұмыстар барысын саралап, талдады. Ауданға жасаған жұмыс сапары барысында Ерлан Қуанышұлы мектепті үздік бітірген түлектерді марапаттап, тест сынағында 100 баллдан жоғары көрсеткішке қол жеткізген оқушыларға сый-құрмет көрсетті. Үлкен өмірге қадам басқалы отырған түлектерге облыс әкімінің орынбасары Е.Айтаханов пен аудан әкімі Қ.Айтөреев сәт сапар тілеп, егемен еліміздің жарқын болашағы үшін еңбек етуге шақырды. Айта кетейік, биылғы ҰБТ сынағында ауданның орташа көрсеткіші 81 баллды құрап, облыс бойынша алтынша орынға тұрақтады. Бұл көрсеткіш өткен жылғымен салыстырғанда 7,6 баллға артық. Тест тапсырған 760 оқушының 161-і 100 баллдан жоғары жинаса, 25 түлек «Алтын белгі» иегері атанды.