Қазақстан халқы Ассамблеясы - халықтың ойынан шығатын, көптеген игі бастамаларды көтеріп, халықтың сөзін сөйлеп, халықтың ұсынысын айтып келе жатқан өте беделді ұйым. Соның бір көрінісі – Ассамблея кеңесінде Президенттік сайлауды мерзімінен бұрын өткізу ұсынысы болды.
Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдық тарихының нәтижесі – халықтың бірлігі мен татулығы, қоғамдық келісімі. Осының бәрі Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сындарлы саясатының нәрлі жемісі деп бағалаймыз.
Биылғы сессияда Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 1 наурызды – Алғыс күні – адамгершілік пен бейбітшілікті сүю, баршаға кешіріммен қарау мерекесі ретінде атап өтуді ұсынды. Бұл күні барлық этностардың бірі-біріне мейірбандық танытып, өздерін туғанындай қабылдаған қазақтарға алғыс айту орынды деп есептеймін, – дейді 20 жыл Қазақстан халқы ассамблеясының мүшесі болған Қызылорда облыстық өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Ашур Хамидов.