Маусым айының соңында ОҚО-ның барлық аудан - қалаларында кәсіпкерлік мектебінің типтік үлгідегі жаңа ғимараттарының құрылысы бітіп, халық игілігіне берілетін болады. Ғимараттың ішінде аудандық әкімдіктің «кәсіпкерлік және туризм бөлімі», «кадастр бөлімі», «ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімі», «сәулет және қала құрылысы бөлімі», «аймақтық кәсіпкерлер палатасы» сияқты мекемелер орналасады. Жергілікті кәсіпкерлерге «бір терезе» қағидасы бойынша толық, қолжетімді қызметтер көрсетілетін болады. Бұл жөнінде бүгін «Оңтүстік» ақпарат орталығында Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының директоры Береке Дүйсебек баспасөз мәслихатын өткізіп, ағымдағы жылдың бес айында атқарылған жұмыстар бойынша хабарлама жасады. «Кәсіпкерлерге республикалық бағдарламалардан бөлек облыс деңгейінде де тиісті қолдаулар көрсетілуде. Кәсіпкерлік мектебі ашылған сәттен оқуға 17820 адам тіркеліп, 17557 білімі туралы сертификат алған. Сонымен қатар, жастарға арналған үш бағдарламада «Өркен» және кәсіпкерлерге арналған «Сәтті бастама», әрекетті кәсіпкерлерге «Өрлеу» бағдарламалары оқуларын нәтижелі аяқтаған. Қазіргі таңда, екі жақты түзілген меморандум аясында «Ырыс» МКҰ арқылы Кәсіпкерлік мектебінің 535 түлегінің жобасы 1,5 млрд. теңге көлемінде қаржыландырылды. Сонымен қатар «Жұмыспен қамту-2020» жол картасының 2-ші бағыты аясында оқудан өткен 1 481 адам 3,9 млрд. теңгеге, ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы қаржыландырылған. «Кәсіпкерлік негіздері» оқыту курсынан бөлек, Кәсіпкерлік мектебінде 5 341 адам салалық шеберлік сабақтарынан өтті. Оның ішінде мал шаруашылығы бойынша – 3 098 адам, өсімдік шаруашылығы бойынша – 915 адам, құс шаруашылығы бойынша – 221 адам, балық шаруашылығы бойынша – 89 адам, өндірістік мини-цехтар бойынша – 514 адам, сервис және қызмет саласы бойынша – 504 адам оқыды. Бүгінгі күні Кәсіпкерлік мектебі облысымызда озық технологиялар бойынша жұмыс жасап жатқан шаруашылықтардың негізінде салалық мастер-класстар өткізу үшін 71 меморандум түзді. Мал шаруашылығы (ет, сүт өнімдері, мал сою, бордақылау алаңы, СТК, қолдан ұрықтандыру бекеті) бойынша барлығы 30 меморандум, өсімдік шаруашылығы (жеміс-жидек өсіру, жылыжай, үй іргелік жер тәлімінде көкөніс дақылдарын өсіру, көкөніс өңдеу және т.б.) бойынша 25 меморандум және қызмет көрсету саласы (шағын тігін цехы, наубайхана, жарнама агенттігі, кондитерлік цех, ағаш өңдеу шеберханасы) бойынша 16 меморандум түзілген.