Соңғы 2-3 жыл көлемінде қала тұрғындарының арасында қызу талқыға түсіп жүрген мемлекет есебінен үйлерге табиғи газ тарту жұмысы биыл бастау алды. Қала ішіндегі Сауран мөлтек ауданы аумағында жүргізіліп жатқан газ құбырларының құрылысы қазіргі таңда қыза түскен. Жұмыс барысымен танысқан қала әкімі Ә.Өсербаев атқарылып жатқан шараларға көңілі толатындығын байқатып, десе де тиісті салаларға және мердігерге жүктелген міндеттерге асқан жауапкершілікпен қарауды тапсырды. Сонымен бірге, қала әкімі өз сөзінде «қала тұрғындары газ құрылысына түсіністікпен қарап, қолдау білдіруі керек деп есептеймін. Себебі, алдағы уақыттарда қала көшелері қазылып, құбырлар жүргізіледі. Және де әр үйдің алдынан жүргізілген газ құбырларынан жеке үйлердің иелері өз есептерінен газ кіргізетін болады. Оның құны жалпы шығынына байланысты орта есеппен 50-60 мың теңгенің көлемінде болуы тиіс. Бұған қоса мен мердігерлермен жауапты мамандарға газ құбыры жүргізілген аумақтан бірде-бір үй назардан тыс қалмауы қажеттігін ескерттім», - деді. Бұған қоса сұхбат барысында жалпы қала көлемінде 7 мың абонентті қамтитын газ құрылысының 1-ші кезеңіне қажетті 1 млрд. 237 млн. теңгенің қазіргі таңда 400 млн. теңгесі қаралған. Осы қаржыға жалпы көлемі аталған аумақтағы 30-ға тарта көшеге табиғи газ құбыры тартылып, биыл 600-дей үй табиғи отынмен қамтылатындығы белгілі болды.
Мердігер мекеме «СМУ Шымкентқазмонтаж» АҚ өкілдерінің айтуынша, газ құбырлары көше бойымен әрбір тұрғын үйдің алдынан жүргізіледі. Ал, аталған мекеме үйге газ кіргізу қызметін көрсетуге әзір екендігін жеткізді.