Былтыр 13 мыңға жуық теракт әлемнің 95 елінде жасалған. Олардың саны соңғы он жылда жыл сайын артуда.
– Биыл қаңтар айынан Ауғанстандағы батыстық әскерилер құрамы он еседей қысқарды. Ал қазірдің өзінде Тәжікстан, Өзбекстан шекараларында содырлар мыңдап шоғырлана бастағандары жайлы ақпараттар келіп түсуде. АҚШ алдағы екі жылда әскерилерін тағы бірнеше есеге азайтып, ауған жерінде тек жүз шақты әскери кеңесшілерін қалдырмақ. Бұл аймақтағы лаңкестіктің от алуына әсер етпей ме?
– АҚШ және оның одақтастары 11 қыркүйек оқиғасынан кейін жаһандық терроризммен күресті желеу етіп, Ауғанстан мен Иракқа әскер енгізгенімен, бұл жағдайдың өзгеріп, тұрақтылықтың орнауына әкелмеді. АҚШ-тың Мэриленд университеті жанындағы Терроризмді зерттеу орталығы мәліметтеріне қарағанда, 2000 жылдардың басында әлемде 500-600 террористік акт жасалса, 2000 жылдардың ортасынан кейін олардың саны жылына 10 мыңнан асқан. Әлемде болатын терактілердің жартысынан астамы Ауғанстан, Пәкстан және Таяу Шығыс елдері үлесіне тиетін. Ал 2014 жылы 13 мыңға жуық террористік акт әлемнің 95 елінде жасалған. Олардың 60 пайызы үш елде – Ирак, Ауғанстан және Нигерияда болған. Соған қарағанда, Ауғанстан түрлі радикалды топтардың мекені әрі тұрақсыздық ошағы ретінде қалып отыр. 2014 жылы ондағы лаңкестік шабуылдар алдыңғы жылмен салыстырғанда 40 пайызға өскен. Биылдың өзінде әскерилер мен содырлар қақтығысы нәтижесінде, ауған жерінде 4 мыңнан астам адам қаза тапты. Яғни батыс коалициясы әскерінің елден шығарылуына байланысты қауіпсіздік мәселесі күрделеніп, қадағалаудан шығып кету қаупі туралы сарапшылар болжамдары расталуда. Оған қоса түрлі қарулы топтардың жазғы уақытта белсенділігі әдетте арта түседі. Өйткені олардың көпшілігінің тұрақты базасы Ауғанстан және Пәкстанмен шекаралас аймақтарда – Вазиристанда орналасқан. Маусымның ортасынан тауларда қар еріп, жолдар ашылған кезде олар ауған жеріндегі әскери объектілерді шабуылдауға көшеді. Сондықтан алдағы уақытта мұндай әрекеттер одан сайын өршуі мүмкін.
– Неліктен лаңкестікпен жаһандық күрес ұрандарына қарамастан, соңғы он жылда әлемдік деңгейде қауіпсіздік жағдайы күрт нашарлап, қайғылы оқиғалар саны артып отыр?
– Дұрыс сұрақ. Әлемнің түрлі аймақтарындағы жағдайдың кенеттен ушығуына себепкер болып отырған негізгі геосаяси орталықтардың, яғни алып және орта деңгейдегі мемлекеттер арасындағы бәсекелестіктің шиеленісуі. 2000 жылдардын ортасынан бері әлемдік саясатта алып мемлекеттер мен геосаяси орталықтар арасындағы тартыс одан сайын күшейді. Осы бәсекелестіктің салдарынан белгілі бір аймақтардағы орнаған тұрақсыздықты радикалды топтар өз мүдделеріне пайдаланып, ықпалдарын арттырып отыр. Оның куәсі Ливия, Сирия және беглілі бір деңгейде Мысырдағы жағдай.
– Жылдан-жылға күшейіп келе жатқан жаһандық қауіпке тойтарыс беретін күштер бар ма?
– Терроризмнің жаһандық сипат алуына байланысты онымен күресудің ең басты алғышарты – мемлекетаралық ынтымақтастық. Қазіргі таңда радикалды топтар өз қатарларына адамдарды әлемнің әр елінен жинайды. Олардың өз «инфрақұрылымдары», тасымалдау жолдары, қылмыстық индустриясы қалыптасқан, тұрақты қаржыландыру арналары бар. Терроризммен күресудегі бірден-бір кедергі – әр мемлекеттің оған жеке-дара қарсы тұруға талпынып, ортақ күресу жүйесін құра алмауы. Оны Сирия, Ирактағы жағдайдан көріп отырмыз. Сонымен бірге терроризммен күресте әлі де «қос стандарттылық» сақталып отыр. Мәселен, кейбір мемлекеттер терроризммен күресті мақсат етіп жариялағанымен, шын мәнісінде, нақты іс-әрекеттерге бармайды.
– Егер лаңкестіктің өсуіне қатысты соңғы он жылғы тенденция алдағы жылдары сақталса, бұл неге әкеліп соқтыруы мүмкін?
– Бір өкініштісі, алдағы жылдары мұндай жағдай сақталатын шығар. Мәселен, соңғы бір жылдың ішінде әлемдегі геосаяси ахуал күрт өзгеріп кетті. Егер 2000 жылдары геосаяси орталықтар арасында бәсекелестік арта түсті десек, соңғы бір жылда бұл ашық текетіреске ұласты. Алып мемлекеттер посткеңестік кеңістікте, Таяу Шығыста өзара есеп айырысуда. Сонымен қатар әлемдік саясатта Пәкстан, Түркия, Катар, Иран, Сауд Арабиясы және тағы басқа аймақтық державалардың геосаяси процестерге араласып, өздерінің арасындағы қақтығыстарды басқа аймақтарға апаруы сияқты тренд пайда болды. Яғни, алып мемлекеттердің қарым-қатынасы күрделенуімен қатар, орта деңгейдегі мемлекеттер арасында да геосаяси қайшылықтар күшеюде. Йемендегі жағдай – соның анық көрінісі. Бір жағынан – Сауд Арабиясы, Пәкстан, Египет, екінші жағынан – Иран және басқа елдер мүдделері қақтығысқа келді. Сириядағы кикілжіңнің де бір себебі осында болатын. Олардың арасындағы бәсекелестік жақын уақытта азаймай, керісінше, үдей түсуі мүмкін. Мемлекетаралық текетірестердің, мәселен, сүнниттер мен шииттер арасындағы қақтығыс сияқты басқа формаларға ұласу қаупі де көрініс берді. Онда қақтығыстың кеңістігі де кеңейеді. Осыған байланысты сарапшыларды алаңдататын бір мәселе: мемлекеттер өзара келіспеушіліктерді басқа аймақтарға да алып келмей ме?!
– Сіз жаңа посткеңестік кеңістіктегі қақтығыстар жайын айтып қалдыңыз. Сонда саяси кикілжің лаңкестіктің өршуіне әкеле ме?
– Көбіне сарапшылар қауіп-қатер факторлары ретінде әлеуметтік мәселелерді ғана атайды. Шын мәнісінде, терроризмнің алғышарттарының бірі – белгілі бір аймақтағы немесе елдегі тұрақсыздық элементтері. Бұған қарсы бірден бір құрал – қоғам мен мемлекеттің бірлескен іс-қимылы. Егер олардың арасында ынтымақтастық болмаса, оны түрлі жағымсыз, көлеңкелі күштер өз мақсаттарына тиімді пайдаланады.
Қазақстанда қауіпті ұйымдар бар ма?
– Сіз бір сұхбатыңызда Қазақстанға «әл-Каида», «Талибан» сияқты халықаралық террористік ұйымдардан тікелей қауіп жоқ екенін айтқан едіңіз. Сонда қазіргі таңда Қазақстан қоғамына ықпалы басым, қауіпті ұйымдар қатарында кімдерді жатқызар едіңіз?
– Белгілі бір діни топтардың тарапынан қауiп көрмеу керек. Олар радикалды іс-қимылдарға жақынырақ немесе үгіт-насихатқа берілуі мүмкін деген тұжырым өзін-өзі ақтамайды. Радикалдануға кез келген адам ұрынуы мүмкін. Оның факторлары – әртүрлі. Діни топтың, жамағаттың санының өсіп немесе азаюына қарап, оның қаупін бағалау дұрыс емес. Мәселен, бірқатар елдерде мүшелерінің саны көп діни топтар бар. Бірақ оларда ашық текетірес, жанжал, радикалды іс-әрекеттер байқалмайды. Кейбір елдерде, керісінше, ондай топтардың саны аз, бірақ қатері үлкен болуы мүмкін. Бұл жерде радикалдандыру факторларына назар аударған жөн. Егер бұл тетіктер ашық жұмыс істесе, оның ықпалына кез келген азамат түсіп қалуы мүмкін. Мысалы, террористік іс-қимылдың бәрінен идеологиялық негіз іздеу де – қате. Себебі, терроризм – идеология емес, ең алдымен, іс-әрекеттер жүйесі. Ол – тактика мен стратегия. Кез келген террористік акт – басқаларды осындай қадамға үндеу сияқты. Яғни, белгілі бір радикалды топ сол әрекеттерді, мазмұнын емес, формасын қайталауы мүмкін. Оның қауіптілігі де сонда, ақпараттық ықпалдың күшейіп бара жатқандығында. Мәселен, Нигериядағы «Боко харам» туралы көп айтылмайды, бірақ қауіптілігі жағынан бұл ұйым қазір ең бірінші орындарда. Егер ДАИШ-тың бір террористік шабуылында 20-30 адам мерт болып жатса, «Боко харам» бір шабуылда 200-300 адамды қырып, ұрлап әкетіп жатады. Бір америкалық әріптесім бұл радикалды ұйымның ДАИШ тобы жасаған әрекеттерді дәл қайталайтынын анықтаған. Сондықтан бұл жерде тек қана бір идеологиялық себеп іздемей, оның басқа астарына да үңілу керек.
– Қазақстандағы көптеген діни ұйымдар туралы әртүрлі ақпараттар, әңгімелер бар. Олардың қайсысы қауіпті екенін қалай ажыратамыз?
– Кезінде осындай қате тұжырым салдарынан дін жолына түскен азаматтардың кейбіреулерін өзіміз қарсы қойып алдық. «Олар осындай бағытта жүр екен», яғни «болашақ радикалды топтар, экстремистер, террористер» деген жаңсақ пiкiр туды. Қоғам сескеніп қарайтын болды. Бірақ соңғы 3-4 жылда құқық қорғау органдарында да, қоғамда да белгілі бір түсінік қалыптаса бастаған сияқты. Яғни белгілі бір діни салтпен жүрген адам – міндетті түрде экстремист-радикал емес. Кiм қолына қару алып, қарулы әрекеттерді мақсат етсе, солар – радикалдар. Ал діни көзқарастары үшін адамдардың бәрін жасанды түрде шеттетіп, қоғамның бір бөлшегі емес, керісінше, бөтен сияқты қарсы қойсақ, оларға басқа біреулердің келіп, үгіттеуі оңайға соғады. Онда радикалды ағымдағы миссионерлердің жұмысын өзіміз жеңілдетеміз.
– Ал Қазақстандағы шынайы радикалды топтардың жұмысына қатысты зерттеулер бар ма?
– Бас прокуратура мен Ұлттық Қауіпсіздік комитеті рұқсаты арқасында 2013 жылы он жылдан асатын кезеңді қамтитын терроризм, экстремизм оқиғалары бойынша қозғалған қылмыстың істердің барлығымен танысып, сотталған 225 азаматтың өмірбаянын зерттедік. Бірқатар өңірлерде мұрағат құжаттарын сараптадық. Сонымен қатар Орталық Азия, соның ішінде Қазақстаннан Сирия, Ирак аймағына кетіп жатқан азаматтар мәселесіне байланысты мониторинг жасап, былтыр оның алғашқы нәтижелерін жарияладық. Зерттеу әлі де жалғасуда. Бұл жердегі кедергі: сарапшылар арасындағы байланыстың аздығы. Себебі, Қазақстанның ғана емес, басқа елдердің де сарапшылары бірлесіп, жұмыс істеп, ақпарат алмасуымыз керек. Былтыр АҚШ, Түркия және Еуропа елдеріндегі бірқатар сарапшылармен бірлесіп, сарапшылар желісін құрдық. Әрқайсысымызға келіп түскен ақпараттарды өзара бөлісіп, сараптауға тырысамыз. Бірақ бұл байланыс аз, тіпті жоқ десе де болады. Жуырда терроризм мәселелерін зерттейтін қырғыз сарапшыларымен кездесу кезінде біздің аймақтан Ауғанстан, Сирияға барып, соғысып жатқандар бір-бірімен бірлесе кететіндерін, ал сарапшылардың, өкінішке қарай, ондай ынтымақтастық көрсете алмай отырғанын жеткізген едім. Жалпы, бізде бұл тақырыппен айналысып жүрген сарапшылар аз, осы бағытты кеңейту керек. Бұл – үлкен жаһандық мәселе. Қыркүйек айында Еуропа, Оңтүстік Шығыс Азия, Таяу Шығыс басқа елдердің осы мәселемен айналысып жүрген жетекші сарапшыларының басын қосып, Астанада екі күндік семинар өткіземіз.
– Бас прокуратура Қазақстандағы террористің әлеуметтік портретін жасаған: ол – арнайы діни білімі болмағанымен, орта білімі бар, бала-шағалы 28 жастағы адам. Сіз өз зерттеулеріңізге сүйене отырып, оны қалай суреттер едіңіз?
– Біз де ортақ көрсеткіштер жасап көруге тырыстық. 225 адамның өмірбаяндық мәліметтерін сараладық. Бірақ оларды байланыстыратын ортақ сипат байқалмады. Мәселен, сарапшылар экстремизмге себепкер болып отырған деп жұмыссыздық деген факторды жиі айтады. Бірақ зерттеуіміз олардың басым көпшілігі тұрақты жұмысы мен кәсібі болғанын көрсетті, сондықтан онымен түсіндіруге болмайды. Шын мәнісінде, жұмыссыздың бәрі қолына қару алмайды. Керісінше, Еуропада оқып немес жұмыс істеп жүріп, радикалды топтардың ықпалына түскендер де бар. Сондықтан мұндай көрсеткіштер терроризмге қатысты мәселені аша алмайды.
«Лаңкестермен Твиттер мен Фейсбукте де соғысыңыз...»
– Жуырда Тәжікстан басшылары Орталық Азия елдерінен Сирия, Ирак, Ауғанстанға барып келген содырлардың өз елдерінде шиеленісті күшейтетіндігі туралы айтқан. Олар аймақтың тұрақтылығына қаншалықты қауіп төндірмек?
– Сирияда соғысып жүргендерге қатысты қауіптің бірнеше түрі бар: бірінші бүгінде көптеген сарапшылардың айтып жүрген ДАИШ сияқты қарулы топ жасақтарының Орталық Азияға баса-көктеп кіруі. Әрине, оны жоққа шығаруға болмайды, бірақ дегенмен мұндай қауіп-қатер деңгейі жоғары емес. Аймақ елдері соңғы жылдары қауіпсіздік жүйесін, шекараларын, өзара қарым-қатынастарын нығайтты. Екінші қауіп – соғысып жүргендер өз елдеріне оралып, сондай әрекеттерді жергілікті жерде ұйымдастыруға тырысуы. Мәселен, Қырғызстанда екі жыл бұрын осындай мақсатты көздеген бірнеше топ қолға түссе, былтыр Сириядан келіп, өз елінде террорлық акт ұйымдастыру күдігі бойынша 25 адам ұсталған. Бұл қауіптің мүмкіндігі бар, бірақ ықтималдығы жоғары емес. Ал ең қауіптісі, үшіншісі – радикалды топтардың ақпараттық саясатының ықпалынан аймақтағы белгілі бір топтардың одан әрі радикалдануы. Мәселен, жоғарыда аталған ДАИШ ұйымы әлеуметтік желілерде жаппай аккаунт құрып қоймай, сонымен қатар 5 тілде журнал шығарады. Осындай ақпараттар басқа мемлекеттердегі, олардың мүшесі емес азаматтарды террорлық әрекеттерге итермелеуі мүмкін. Мысалы, былтыр Австралияда бір азамат адамдарды кепілдікке алып, кафеде теракт жасауға әрекеттенген. Ол белгілі бір террорлық топтың жақтаушысы емес, бірақ ақпараттың әсерінен сондай әрекетке барған. Сондықтан барлық күш ақпаратқа қарсы жұмылдырылуы тиіс. Қоғамға, әсіресе, жастарға бұл ешқандай да «қасиетті соғыс» емес, шын мәнісінде, қылмыстық топтардың өздерінің бір ұсақ мүдделері үшін өзара күресі және олар басқа бір күштердің қолдарындағы «ойыншығы» екенін жеткізу маңызды.
– Қазір радикалды діни топтар мешіттерде емес, расында да, интернетте «бас қосатындықтары» жайлы айтылады. Интернеттің терроризмді өршітудегі рөлі соншалықты зор ма?
– Оны бір ғана ДАИШ тобының интернеттегі жұмысынан байқауға болады. Мәселен, былтыр қаңтар айында олар Твиттерде 800-ден астам аккаунт құрса, маусым айында олардың саны – 1 мыңға жуық, ал қыркүйек айында 3 жарым мыңға жеткен. Бұл – бір ғана әлеуметтік желі бойынша анықталған деректер. Ал белгісіздері, басқа әлеуметтік желілердегі қаншама?! Сондықтан шетелдік әріптестермен кездескен кезде: «ДАИШ-пен Ирак және Сирия жерінде ғана емес, Твиттер мен Фейсбукте де соғысыңыз» деймін.
– Кейбір Еуропа елдерінде жастардың лаңкестік ұйымдар ықпалына түспеуі үшін арнайы мемлекеттік әлеуметтік бағдарламалар енгізген. Осындай мемлекеттік тұрғыда лаңкестіктің алдын алу шаралары қажет деп есептейсіз бе?
– Былтыр терроризммен күрес бағдарламасы бойынша Миланда семинарға қатыстым. Оған Еуропа, Таяу Шығыс елдерінен де сарапшылар келген. Шын мәнісінде, терроризм – біздің аймаққа ғана емес, барлық елдерге ортақ мәселе. Мысалы, Германиядан мыңнан астам, Франция мен Белгиядан мыңға жуық адам Сирияға соғысқа кеткен. Осыған орай еуропалықтар да алаңдаушылықтарын білдіріп, оған қарсы түрлі күрес жолдарын іздеуде. Мәселен, олар бұл мақсатта мультфильм, ролик, кино, интернетті де кеңінен пайдаланады. Сонымен қатар радикалды идеологиялардың ықпалында болып, оралған адамдардың әлеуметтік реаблитациясына бағытталған бағдарламалар бар. Міне, осындай тәжірибелерді зерттеу керек. Тек қана терроризм және экстремизмге қарсы күреспен шектелмей, олардың алдын алу шараларына, жалпы жастардың әлеуметтік бағдарынан айырылуы, идентификациясы, дағдарысы сияқты мәселелерге де көбірек көңіл бөлу керек. Себебi, суицид, экстремизм, жасөспірімдер арасындағы қылмыс сияқты проблемаларды тудыратын факторлар әртүрлі болғанымен, негізгі алғышарттары ортақ: дәстүрлі құндылықтардың құлдырауы, әлеуметтік байланыстардың әлсіреуі және тағы басқа мәселелер.
Сұхбаттасқан
Айжан КӨШКЕНОВА, "Айқын" газеті.