Оңтүстік Қазақстанда «Астана күніне тарту – 75 нысан» акциясы басталды. Аталған мереке қарсаңында облыста 75 әлеуметтік нысан ашылып, ел игілігіне беріледі, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі. Бүгін акция аясында Төле би ауданында облыс әкімі А.Мырзахметовтың қатысуымен 24 нысан ашылуда. Яғни 13 елді мекенде табиғи газ, 8 елді мекенде ауыз су жүйелері қолданысқа беріледі. Сонымен қатар аудандық кәсіпкерлік мектебі мен Бейнеткеш ауылындағы 175 орынға лайықталған мектеп ғимараты, Леңгір қаласындағы құлағы нашар еститін балаларға арналған мектеп-интернаттың 150 орындық жатынжайының құрылысы аяқталып, тапсырылуда. 1-4 шілде аралығында облыстағы 14 аудан, қалада бірдей үлгіде бой көтерген кәсіпкерлік мектептері пайдалануға берілсе, 14 елді мекенде (37 мыңға жуық тұрғын) табиғи газ, 8 ауыл (18 мыңға жуық тұрғын) ауыз су жүйелеріне қосылады. Сондай-ақ, 19 білім беру нысаны (13 мектеп, 2 балабақша, 2 интернат жатақханасы, 2 колледждің оқу өндірістік базасы мен 300 орындық концерт залы) ашылмақ. Сонымен қатар, 339 пәтерлі 5 көпқабатты тұрғын үй, 3 спорт нысаны, 3 электрмен қамтамасыз ету нысаны, 2 демалыс аймағы, 1 мәдениет үйі, 1 балалар шипажайының қосымша ғимараты, 1 сарқынды суды тазалау кешені іске қосылса, 1 тоқыма фабрикасы, 1 арматура зауыты, 1 қоқыс өңдеу зауыты, 1 трактор зауыты жұмысын бастайды. Осылайша, ұлысымыздың ұйытқысы атанған оңтүстік өңірінде Елбасы жүргізіп отырған мемлекеттік саясаттың арқасында дағдарысқа қарамай халық үшін маңызы зор бірқатар әлеуметтік нысандардың құрылысы аяқталып отыр. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыстар алдағы уақытта жалғасын табатын болады.