Астана күні қарсаңында Оңтүстік Қазақстан облысында «Астана күніне тарту – 75 нысан» акциясы бастау алды. Мәні мен мазмұны тәуелсіздік тарихымызбен ұштасқан бұл шараның алғашқы күнінде Төлеби ауданында 24 әлеуметтік нысанның ашылуы өтті. Акция аясындағы 13 елді мекенге табиғи газ беру салтанатты рәсіміне облыс әкімі Асқар Мырзахметов арнайы қатысып, тұрғындардың қуанышымен бөлісті. «Астана күні жаңа Қазақстан үшін, тәуелсіз еліміз үшін орны бөлек ерекше мереке. Астана - асқақ арманымыздың айнасы мен айғағы, тәуелсіздігіміздің тірегі, егенмендігіміздің ертеңі, мемлекетіміздің мерейлі мәртебесі. Сарыарқаның төсінде әсем қаланың бой көтеріп, келбеттенуіне Елбасының ерен еңбегі сіңді. Мемлекет басшысының жетекшілігімен тек Астана ғана емес, өңірлеріміз де көркейіп келеді. Мерейлі мерекеге орай облысымызда табиғи газ, ауыз су нысандары ел игілігіне беріліп, білім, денсаулық сақтау, спорт, мәдениет салаларында әлеуметтік нысандар ашылып жатыр. Мереке аясында ашылатын 75 нысанның ішінде шағын және орта бизнесті қолдауға байланысты барлық ауданда типтік үлгіде салынған кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтары мен кәсіпкерлік мектептері ашылмақ»- деді аудан тұрғындарын көзайым оқиғамен құттықтаған өңір басшысы. Сондай-ақ осы күні Леңгір қаласында аудандық кәсіпкерлік мектебі мен құлағы нашар еститін балаларға арналған мектеп-интернаттың 150 орындық жатынжайы, Бейнеткеш ауылында 175 орынға лайықталған мектеп ғимараты ашылып, 8 елді мекен орталықтандырылған су құбырына қосылды. Бүгінгі шара аясында Зертас, Жаңакүш, Алатау, Қосағаш, Екпінді, Шұбарағаш, Шатыртөбе, Біркөлік, Тағайна, Бейнеткеш, Ынтымақ, Жаңажол, Ә.Науайы елді мекендерінің 30 мыңға жуық тұрғыны табиғи газбен қамтылса, Көксәйек, Қаратөбе, Жамбыл, Қостөбе, Балдыберек, Майбұлақ, Төңкеріс ауылдарының 18 мыңға жуық тұрғыны сапалы ауыз суға қол жеткізді. Сондай ақ, Қаратөбе және Тасарық ауыл округтерінің елді мекендеріне арналған магистралды су аққысының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Леңгір қаласында ашылған аудандық кәсіпкерлік мектебінің құрылысы жеті айда салынып бітті. Енді мұнда барлық қаржы институттары мен әкімдіктің тиісті құрылымдық бөлімшелері орналасады. Осылайша аудандағы барлық кәсіпкерлерге қажетті ақпараттар пен қызметтерді бір жерден алуға мүмкіндік жасалып отыр. Кәсіпкерлік мектебінің ғимаратында арнайы жабдықталған екі оқу бөлмесі, «бір терезе» қағидасы аясында қызмет көрсететін операциялық зал және конференц зал орналасқан. Ал Леңгір қаласындағы құлағы нашар еститін балаларға арналған мектеп интернаттың 150 орындық жатын корпусын салу үшін қазынадан 231 млн. астам қаржы қаралды. Бұл жұмыстар алты айда аяқталып, пайдалануға беріліп отыр. Бейнеткеш елді мекенінде Ы.Алтынсарин атындағы мектеп жанындағы 175 оқушыға арналған ғимарат жеті айда бой көтерді. Осылайша, ұлысымыздың ұйытқысы саналатын оңтүстік өңірінде Елбасы жүргізіп отырған мемлекеттік саясаттың арқасында дағдарысқа қарамай халық үшін маңызы зор бірқатар әлеуметтік нысандардың құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді.