Жергілікті мазмұнды дамыту бойынша қосымша келісім жасалды

Аймақ
03.07.2015, 15:54

Бүгін облыс әкімі Асқар Мырзахметов «Казатомпром» Ұлттық атом компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Асқар Жұмағалиевпен кездесті. Қос тараптың жауапты өкілдері қатысқан жиында әкімдік пен ұлттық компания арасындағы өзара ынтымақтастықты одан әрі тереңдету мәселелері қаралды, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі. Ұлттық атом компаниясының жетекшісі А.Жұмағалиев компанияның Оңтүстік Қазақстан облысында орналасқан еншілес ұйымдарына жергілікті мемлекеттік органдар тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаулары айрықша екендігін атап өтіп, алғысын жеткізді. Жергілікті мемлекеттік органдармен өзара байланысты нығайтып, өндіріс орындары ашылған өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беру – компанияның алға қойған стратегиялық міндеті екендігіне назар аударды. Осы орайда, жергілікті мазмұнды дамыту бағытында облыс әкімдігімен қосымша келісім жасауға дайын екендігін мәлімдеді. Одан бөлек, ұлттық компания өзінің құрамына енетін ұйымдардың басшылық өкілдіктерін өндірістік кешендері жұмыс жүргізетін аумақтарда ашуды көздеп отырғандығын атап өтті. Облыс әкімі Асқар Мырзахметов компания басшылығымен өзара ынтымақтастықты жетілдіру бағытында толық түсіністік орнатылғандығын атап өтіп, осы байланыстарды одан әрі нығайту мәселесіне жіті көңіл бөліп отырған компания басшылығына алғысын білдірді. Компания еншілес ұйымдары басшылық өкілдіктерінің облысымызда ашылуын толық құптайтынын атап өткен өңір басшысы, бұл өз кезегінде өңіріміздің экономикасына оң септігін тигізетінін, жұмыс барысында анықтауды қажет ететін мәселелердің дер кезінде шешілуіне ықпал ететінін мәлімдеді. Компанияның жергілікті мазмұнды дамыту бағытындағы бастамаларын оң бағалап, Созақ ауданында ашылған индустриалды аймақ атом өндірісіне қажетті өнімдер шығаруға бейімделгендігін, мұнда үш жоба жүзеге асып жатқандығын атап өтті. Егер компания мүдделі болса өзімізде шығарылатын өнімдер түрін одан әрі көбейтуге болатынына тоқталды. Жиын соңында Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігі мен «Казатомпром» Ұлттық атом компаниясы» АҚ арасындағы ынтымақтастық меморандумына жергілікті мазмұнды дамыту жөнінде 4,6 млрд. теңгеге қосымша келісімге қол қойылды.

Сұхбат

PhotoRoom