Қасиетті Рамазан айында облыс әкімі ауызашар берді. Бұл дәстүрлі дастарханға Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының өңірдегі өкілі, облыстың имамдары, мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен ардагерлер, тұрмысы төмен отбасы мүшелері, елдің дамуы үшін әр салада еңбек етіп жүрген тұлғалар шақыртылған. Аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев ауыз бекіткен жандарды қасиетті аймен құттықтап, жылы лебізін жеткізді.
- Рамазан айы - айлардың сұлтаны, ең қайырлысы және сабырлық айы. Сондықтан әлемнің барша мұсылмандары бұл айға ерекше құрметпен қарап, ауыз бекітіп, пітір-садақаларын таратып, жетім-жесірге қолдау көрсетіп, игі амалдарды еселеуге асығады. Биылғы жылы шіліңгір шілдеге тұспа-тұс келген Рамазан айының аптап ыстығына қарамастан оразаға ниет етушілер саны көп. Барлықтарыңыздың ізгі ниет-тілектеріңіз қабыл болсын, - деді облыс әкімі.
Ауызашарда Орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің бас имамы Талғат Омаров жиналған көпшілікті қасиеті Рамазан айымен құттықтап, ұстаған оразаның қабыл болуына тілектестік білдірді, жамағатқа арнап оразаның пайдасы мен ұстау қағидалары жөнінде, берілетін садақа, қайырымдылық шаралары туралы айтты.
30 күн ораза тәрбие мектебі. Ол адамдарды жақсылыққа бастап, мейірімділікке баулиды. Бір-біріне деген қамқорлығын арттырады. Соңғы жылдары күнделікті мешіттерде ауызашар беру дәстүрі қалыптасты. Қайырымдылық шаралары да ұйымдастырылып жатыр. Бұл ағайынның арасын жақындата түсетін, ата-бабамыз ұстанған салт-дәстүрімізге сіңген асыл дінді кеңінен насихаттауда игі шараға айналды. Ауызашар шарасында бес парыздың бірін орындап, ораза тұтқан жамағатқа уағыздар айтылды.
Бүгінгі күні еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуымен қатар, дініміз де өркен жаюда. Өңірдегі діни ахуалды тұрақты деп айтуға толық негіз бар. Тәуелсіздік алған жылдары аймақта 23 мешіт болса, қазіргі таңда 149 мешіт халықтың бірлігін ұйыстыратын дәстүрлі рухани орталыққа айналды.