ОҚО: Биылдан бастап мал шаруашылығы тың серпінмен дамиды

Аймақ
09.07.2015, 23:03

Елімізде теңдесі жоқ бағдарлама жұмыс істеп келеді. Ол – «2014-2016 жылдарға арналған Оңтүстік Қазақстан облысының мал шаруашылығын дамыту жөніндегі іс-шаралар жоспары». Бұл құжат бойынша өткен жылы екі мыңнан астам жоба іске асып, бес мыңға жуық адам жұмыспен қамтылған. Өңірімізде өткен жылдан бері мал шаруашылығын дамытудың жаңа бағдарламасы іске асырылып келеді. Ол төрт негізгі бағыт бойынша жұмыс істеуде. Атап айтар болсақ, шағын мал бордақылау алаңдары, сүт тауарлы фермалары, сүт қабылдау желілері мен селолық тұтыну кооперативтері ұйымдастырылған. 2014 жылдың өзінде бағдарлама аясында 5 млрд теңгеден астам қаржыға 2171 жоба жүзеге асырылған. Нәтижесінде 4454 адамға жұмыс табылған. Ауылды жерлерде жұмыссыздықты азайтып, жеке кәсіпкерлікті дамыту мен ауылдықтардың өмір сүру деңгейін арттыру мақсатында әзірленген бұл бағдарлама бойынша үстіміздегі жылы тағы да бірқатар жобалар жүзеге аспақ. «Оңтүстік Қазақстан облысында етке деген қажеттілік жылына 87,5 мың тонна, ал сүтке сұраныс 441,7 мың тоннаны құрайды. Бүгінгі таңда мұндай қажеттілік қанағаттандырылғанымен, халық санының артуына байланысты мал шаруашылығы өнімдеріне деген сұраныс өсіп келеді. Оның үстіне, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін ет өнімдерін республиканың басқа облыстарына, шетелдерге экспорттау үлкен маңызға ие», - делінген баспасөз хабарламасында. Мәліметтерге қарағанда, облыста қайта өңдеу бойынша «FoodMaster» АҚ, «Атамекен» ЖШС, «Сайрам сүт» ЖШС сияқты жалпы саны 31 кәсіпорындар шоғырланған. Онда жалпы облыста өндірілетін 653 мың тонна сүттің 22,8 пайызы қайта өңделеді. Қуанарлығы сол, еліміз бойынша алғашқы болып біздің өңірімізде ұйымдастырылған бағдарламамен бүгінде басқа облыстар тәжірибе алуда екен.

Сұхбат

PhotoRoom