Оңтүстікқазақстандық спортшылар алты айда спорттың 59 түрінен 1114 медальге ие болды, деп хабарлайды облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ә.Нұртаев. Басқарма басшысының мәліметінше өңірде 36 олимпиадалық, 23 олимпиадалық емес спорт түрлері дамытылуда. Ерең еңбек пен дайындықтың және облыс әкімінің қолдауының арқасында бүгінде облыс спортшылары 6 айда спорттың 59 түрінен ҚР чемпионаттары мен біріншіліктеріне қатысып, 365- алтын, 317-күміс, 316-қола медальге қол жеткізсе, жыл басынан бері өткен Азия чемпионаттарында оғландарымыз 33-алтын, 25-күміс және 25-қола медальді қанжығаларына байлаған болатын. Ал, Әлем чемпионаттарында облыс спортшылары 18-алтын, 7 күміс, 8-қола медальге ие болса, 5- халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 20- ҚР спорт шебері, 301- спорт шеберіне үміткер спортшылар дайындалды. Облыс бюджет есебінен құрылысы жүргізіліп жатқан екі спорт нысаны ағымдағы жылы пайдалануға берілмек. Басқарма басшысының хабарлауынша осы жылдың бірінші жартыжылдығында 5042 спорт нысандары тіркелген. Олар 22 стадион, бір спорт сарайы, 13 спорттық құрылғылар кешені мен 24 спорт кешені, 12 спорт манежі, 1 шаңғы базасы, 204 атқыштар тирі болса, 3 ипподром, 28 жүзу бассейні, 879 спорт зал, 2627 спорт алаңдары сынды спорт нысандары халыққа қызмет көрсетуде. ‒ Салауатты өмір салтын насихаттау, бұқаралық спортты дамыту мақсатында облыс аумағында 2234 спорттық шара өтті. Ал, спортпен тұрақты түрде шұғылданушылар саны 600 мыңға жуық адамды құрайды екен. Бүгінгі таңда өтіп жатқан ҚР төртінші жазғы Спартакиадасында Оңтүстік Қазақстан спортшылары командалық екінші орында. Қыркүйек айына дейін жалғасатын бұл Спартакиада спорттың 41 түрінен өтуде, ‒ деді Ә.Нұртаев.