Жемқорлық. Қару саудасы

Рейтинг
10.07.2015, 17:18

Жемқорлық тарихына үңілгендер, оған кемінде он мың жылдың жүзі бар дейді. Шынына келсек, ол тарих та емес: "зерттеушліер" көбінесе құжатқа емес, қисынға салып ой түйеді де, бағзы замандардағы сый-сияпат жасау жоралғысы бүгіндері осындай айуан кейіпке келген деген қорытындыға келеді.

Дегенмен "жемқорлықтану" - бүгіндері қарапайым заңдылықтары танылып қалған "сала". Нөмірі бірінші заңы - "ақша көп жүретін жерді торы". Бізде айталық, құрылыс саласы делінеді. Ал әлем бойынша - қару саудасы айтылып жүр. Мектеп құрылысы бюджетінің он пайызын бауырға басып қалған "жақсы" әрине, бірақ ұшақ саудасы кезінде делдалдар арасындағы делдал болып-ақ, немерең болмаса да, балаңның елужылдығын қамтамасыз етіп тастайсың.

Еліміздің қорғаныс саласындағы жанжалдардан құлақ тұнады. Дегенмен әскерилеріміз әлемдік деңгейге "көтеріле" алмағанға ұқсайды. Бұрын-соңды әлемдік БАҚ-ты "бақыртып", даңқы әлемді шарлап кеткен оншақты коррупциялық жанжалды қарап шықсақ.

1. Чехтік "Tatra" мен Үнді Қорғаныс Министрлігі

2012 жылы Үндістанда өткен DefExpo-2012 көрмесінен кейін, Үнді жаяу әскерлер бас қолбасшысы Сингх оқыстан, жоғары әскери шен иесіне жат мінез көрсетті. Ол өзінің құпия тұлға мәртебесін былай қоя тұрып, Hindu газетіне - чехтік "Tatra" машиналарын сатушылар өзіне ... 3 млн доллар ұсынғанын жайып салды. Әрине, ол алмапты: сөзшең боп кеткені де сондықтан шығар. Бұл оқиға дереу үлкен жанжалға ұласып, ақыры үнді елінің қару импорты қарарларын қайта қарауға әкелді. Сылбыр да самарқау үнді бюрократиясы осы оқиғадан кейін дүр сілкініп, енді қазір, мамандардың айтуынша - жариялылықтың пұшпағы болса да пайда болыпты.

2. BAE Systems пен Саудия ханзадасы Бандар

Ағылшындар әлемдік ойындарда анау-мынау қылмысын ақ жіппен жатқызып тігіп, дымын білдірмей жүретін мемлекет ретінде белгілі. Бірақ мына бір масқара іс бәрібір жария боп қалды.

1980 жылдардың орта шенінде Парсы шығанағындағы соғыс бүкіл аймақтың мазасын кетірді. Шығанақтағы ең ауқатты Сауд Арабиясы жалма-жан қарулануға мәжбүр болды. Сауда-саттықтың басы-қасында Бандар ханзада жүріп, ол ағылшындық BAE Systems-тен 102 дана Hawk және Tornado ұшақтарын алдырды. Мұнша көлемдегі ұшақ үшін қосымша техника паркі, персонал, қосалқы бөлшектер мен жөндеу шеберханаларды есептеп, келісімнің жалпы сомасы 2007 жылғы бағаға шаққанда 160 млрд(!) долларды құраған!

Қазақстандықтар үшін мұндай ірі ақшаның айналасында кенет пайда болатын күңгірт тірліктер таңсық емес. Ендеше, бұл келісім шарттың да басын бірден бұлыңғырлық тұмшалады. Ағылшындар нанбөлісті ұқыптылықпен жүргізгені соншалық, ғасыр саудасының егжей-тегжейі тек 2007 жылы белгілі болды. Сонымен, кімге не тиді:

Бандар ханзада - 2 млрд доллар. Не үшін: лобби, тендерді жеңіп беру.

BAE Systems, BP мен Royal Dutch Shell үшеуіне- 160 млрд доллар. Не үшін: BAE Systems - ұшақтары мен жанама жабдықтар үшін; BP мен Royal Dutch Shell - мұнайды қолма-қол ақшаға айналдырғаны үшін.

Доллар бағамы 2007 жылғы құнымен берілген.

3. Бітпейтін космодром мен мердігерлер

- Жұмысты қашан бітіресіңдер?

- Негізі, жұмыстарды "Спецстрой" бітіріп, сосын "Роскосмос" өз жұмысын бастауы тиіс еді...

Ресейдің Байқоңырға балама ретінде салып жатқан "Восточный" косммодромының құрылыс басындағы әңгімелердің ауаны шамамен осындай. Ешкім ештеңеге жауап бермейді. Мердігерлер көбейген сайын, жауапты тұлғалардың азаюы сияқты парадоксты тап осы нысанда тамашалауға болады. Елдегі жемқорлық ахуалды беске білетін Путин6 өз елінде нарық заңдары еш нәтиже әкелмейтінін біліп, нысан құрылысын "қолмен басқару" режиміне о баста көшірген еді. Өзіне патриот имиджін жасап алған, ұлтшылдықпен әлде ұлтжандықыпен көзге түскен, NATO-мен сөзсайыста аты шыққан вице-премьер Рогозинге, нысанды тікелей тапсырған. Одан жоба оңалып кете қоймады. Жемқорлық тіптен жергілікті көрініс алуға көшті: нысанға жұмысқа тұрғың келсе - "үй артына келіп кет, орамалыңды беріп кет". Жемқорлықтың күштілігі сонша... "желінген" ақшаның нақты санына да жету мүмкін болмай отыр. Халдің мүшкілдігін - Рогозиннің құрылыс басына 43 рет барып-қайтқанынан көруге болады. Бірақ БАҚ алдында "жеделдету керек, табу керек, соттау керек, отау керек" дегеннен басқа пиар-қадамдардан басқа нақты ісімен көріне алмады. Жемқорлар ендігәрі қылмыстық жауакершіліктен де онша қорықпайтын болып алған. Әлде қорықпайтыны - жоғарыдағылар жең ұшынан жалғасып тұрғаннан болар?

Біз мұнда тек әлемдік БАҚ-қа бірнеше күндік "азық" болған мысалдарды ғана алып отырмыз. "Saigez" жемқорлық атты дерттің түрлі көрінісін баяндап отыруды жалғасытартын болады.

Ерлан Оспан

 

 

 

Сұхбат

PhotoRoom