Қызылорда облысы халықаралық қаржы институттарымен тығыз байланыста

Аймақ
30.07.2015, 11:31

Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен халықаралық банк қаржыландыратын жобалардың жүзеге асырылу барысы талқыланды, деп хабарлады облыстық әкімдіктің баспасөз қызметінен.

Осы жиында аймақ халқының өмір сапасын жақсартатын әрі әлеуметтік маңызы зор бірқатар жобалар туралы облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ержан Әбдіқалықов баяндап берді.

Жалпы, Еуропалық қайта құру және даму банкі облыс орталығын су бұру және сумен қамтамасыз ету, электр және жылумен жабдықтау жұмысын қаржыландыруды жоспарлап отыр. Сондай-ақ ЖЭО жаңғыртуға қаражат бөлмек. Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы қайта қалпына келтіріліп, соның нәтижесінде  компанияға ЕҚҚДБ ресурстарын тарту мүмкін болды. ҚЖЭО қайта жаңғыртудың негізгі мақсаты аймағымызды электр энергиясына тәуелділіктен арылту. Қазіргі таңда облыс электр қуатына қажеттіліктің 30 пайызын ғана өзі өндіреді. Қосымша қуаттылықтарды қосу арқылы өндірілетін электр қуат көлемін арттыруға мүмкіндік бар. Сондай-ақ, аталмыш басқарма басшысының айтуынша, өндірісті жетілдіру аймағымыздың экологиялық жағдайын жақсартпақ.

Бұған қоса, облыс орталығында қоғамдық көліктің қозғалысын ұйымдастыру жөніндегі жоба жүзеге асырылып жатыр. Осы жоба шеңберінде экологиялық тұрғыдан таза жағармаймен жүретін соңғы үлгідегі 30 автобус сатып алынды. Тамыз айында тағы 40 автобус өңірге жеткізілетін болады. Ал 42 автобусты әкелуге байланысты жұмыстар жалғасады.

Қазіргі таңда аталған қаржы институтымен жаңа электр үнемдеу технологияларын қолдану арқылы облыс орталығын жарықтандыру жобасы әзірлену үстінде. Айта кетейік, бұл халықаралық банкпен цемент зауыты, қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу зауытын салу және облыс орталығына автовокзал салу секілді жобаларды жүзеге асыру жайы да пысықталуда.

Жалпы алғанда, бүгінгі күні ЕҚҚДБ қатысуымен құны шамамен 60 млрд. теңге болатын 8 жоба іске асырылып жатыр.

Ал Қызылорда қаласының сол жағалауының инфрақұрылымын Азия даму банкі арқылы жүзеге асыруды көзделіп отыр. Қазіргі таңда тиісті қаражат бөлініп, инфрақұрылымдық жобалардың техникалық-экономикалық негіздемесі дайындалуда. Аймақ басшысы тиісті сала басшыларына қажетті құжаттарды мерзімінде дайындауда тапсырды.

Сұхбат

PhotoRoom