Биыл Қызылорда облысындағы білім ұялары оқулықтан тарлық көрмейді. Бұл туралы облыс әкімінң орынбасары Наталья Годунова мәлімдеді. Мектептерді кітаптармен қамтамасыз ету жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр дейді ол. Қажетті қаржы мәселесі де толық шешімін тапқан. Оқу жылына дайындық қарқынды.
Мектептерді оқулықпен қамту мәселесі қаралған жиынға ҚР Білім және ғылым министрлігі Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті төрағасының орынбасары Әлтаир Ахметов қатысты. Басшылардың сөзіне сенсек, жұрт енді жылдағыдай қыркүйекте кітап таппай сандалмайтын болады. Өйткені өңірдегі 298 орта мектепке керек оқулықты алуға 613 млн. теңге жұмсалған, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметінен.
«Алдағы оқу жылына дайындық жоспарға сәйкес жүріп жатыр. Бастысы тиісті қаражат бөлінді. Сондықтан ешқандай қиындықтар болмауы тиіс. Қазір қажет оқлықтардың 73 пайызы өңірге жеткізілді», - деді облыс әкімінің орынбасары Наталья Годунова.
Айта кету керек, талай жылдан бері талқыға түсіп келген Байқоңырдағы мектептердің проблемасы биыл оң шешімін тапқан болатын. Енді оларға қазақстандық білім стандартына сай оқулықтар жеткізілуде. Ол үшін республикалық бюджеттен 58 млн. теңге бөлінген. Ал облыс орталығындағы білім ұяларына оқулықтарды жеткізу көрсеткіші 70 пайызды құрайды. Ал Арал ауданы бұл жұмыстарды бастауға әлі асығар емес. Бірақ білім басқармасының басшысы өңірдегі барлық мектептер 10 тамызға дейін 100 пайыз кітаппен қамтылады деп сендірді.