Бүгін облыс әкімі Асқар Мырзахметов Оңтүстік Кореяның Пуё провинциясының губернаторы Ли Юн Ву бастаған арнайы делегация өкілдерімен кездесті. Тараптар өңірге инвестиция салу мәселесін талқылады.
Екі жақты кездесуге Корея мен Оңтүстік Қазақстанның ауылшаруашылығы саласындағы кәсіпкерлері қатысты. Облыс әкімі Мемлекет басшысының шет елдік инвесторлар туралы ұстанған саясатын түсіндіріп, оларға барынша қолайлы жағдай жасалып, қолдау көрсетілетіндігін айтты. Оған қоса шет елмен байланыс тек орталықтан ғана емес әр өңір жеке дербес байланыс жасау мүмкіндігіне ие екендігін жеткізді. Сондай тығыз байланысты бүгінде Оңтүстік Қазақстан облысы нәтижелі жүргізіп, экономикалық дамудың еселене түсуіне сеп болып отырғандығын әңгімеледі. Еліміздегі халқы ең көп шоғырланған әрі еңбек ресурсы жоғары аймақ ауылшаруашылығы саласында көш бастап тұр. Бұған қоса, өңірдегі шағын және орта бизнес өкілдері бәсекелестікке барынша қабілетті екенін айтты. Облыстың қолайлы климаты агро өнімдерді экспорттауға зор мүмкіндік ашатынын атап өткен А.Мырзахметов Оңтүстік Қазақстан облысы Кеден және Еуразиялық одақ аясындағы аймақтардың ішінде де ең оңтүстігі болып саналатынына тоқталды. Сондықтан жыл санап қызығушылық танытушы мемлекеттердің саны артып келе жатқанын тілге тиек етті. Ал соңғы бес жылда облыстың экономикасы екі есе өсіп, индустриаландыру бойынша республикада алғашқы орынға шықты. Оған қоса Елбасының саяси бағдарының арқасында Оңтүстік Кореямен алыс-беріс пен барыс-келіс жыл санап ұлғайып, ауылшаруашылығына қажетті озық технологияларды ендіру қолға алынғанын мәлімдеді. Өз кезегінде мәртебелі меймандар да Қазақстанмен арадағы қарым-қатынастың қарышты болып отырғандығын, оның ішінде Оңтүстік Қазақстанның бизнес климатының қолайлы екендігін мәлімдеді. Екі жақты кездесуден соң тараптар ауылшаруашылығы саласы бойынша жем-шөп даярлайтын шағын өндіріс орындары мен тыңайтқыштар даярлайтын зауыт тұрғызуға уағдаласты. Қанат қақты бұлжоба Сарыағаш ауданынан бастау алады деп көзделіп, тиісті келісімдерге қол қойылды.
Сонымен қатар оңтүстіккореялық кәсіпкерлер өңірдегі бизнес өкілдерімен бірлесе шаруаларды қолдауға арналған оқу орталықтарын ашуға, көкөніс өсіру мен тамшылатып суғаруға арналған инновациялық технологияларды ендіруге, мал азығын дайындау өндіріс орындарын ашуға, т.б. қызығушылық танытып отыр. Алдағы уақытта осы бағыттағы жұмыстар бойынша нәтижелі жұмыстар жүргізіледі деп күтілуде.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі