2015 жылы Қызылорда облысында 83 нысан пайдалануға берілмек. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 3,5 есеге артық. Бұл туралы бүгін құрылысшылардың кәсіби мерекесіне арналған салтанатты жиында облыс әкімі айтты.
- Соңғы жылдары облысымыздың құрылыс саласының қарқыны еселей түсіп, өткен жылмен салыстырғанда 3,5 есеге артып отыр. Облыстың жаңа келбетін қалыптастыратын өндіріс орындарын салуда да қарқын бар. Атап айтар болсақ, Шыны зауытының құрылысы басталып, тиісті 33 млрд. теңге қаржы бөлініп, жобаның барлық мәселесі толығымен шешілді. Сондай-ақ, Қызылорданың сол жағалауын игеру барысында Азия Даму Банкімен 174 млрд. теңге қаржы бөлу туралы келісімдер жасалуда. Әлбетте, осыншама ауқымды істер, құрметті құрылысшылар, Сіздердің кәсіби біліктеріңіз бен адал еңбектеріңіздің арқасында ғана жүзеге асады, - деді облыс әкімі Қ.Көшербаев.
Қызылорда облысы құрылыс салу қарқыны бойынша республикада алдыңғы қатарға шықты. Бүгінде білім беру саласы бойынша 24 нысанның құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін оның 20-ы ел игілігіне беріледі. Сонымен қатар, осы жылы жетім балаларға қамқорлық жасау мақсатында «Балалар ауылы» пайдалануға берілді. Денсаулық сақтау саласы бойынша 6 нысанның құрылысы жүргізілуде. Оның 3-і жыл соңында ашылады. Мәдениет саласы бойынша биыл 7 ауылдық клуб, кітапхана және мұражайдың құрылысы жүргізілуде. Спорт саласына келсек, жыл соңына дейін ипподромның және Бокс орталығының құрылысы аяқталады. Сонымен қатар, қаладағы Ғ.Мұратбаев атындағы стадионның қосалқы алаңы қайта жаңғыртылады. Бұған қоса, биыл Илья Ильин атындағы ауыр атлетика халықаралық орталығы мен 3 мың орындық жабық футбол манежінің құрылысы басталады.
Айта кету керек, тұрғын үй құрылысы өткен жылмен салыстырғанда 4-есеге артып отыр. Жақында 300 отбасы қоныс тойын тойлап, 6 тұрғын үй пайдалануға берілсе, жыл соңына дейін тағы 2090 пәтерлік 41 тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Салтанатты шарада аймақ басшысы елеулі еңбегімен көзге түскен бірқатар құрылысшыларды Қызылорда облысының «Құрмет» грамотасымен, облыс әкімінің «Алғыс» хаты және «Қазақстанның құрметті құрылысшысы» құрмет белгісімен марапаттады. Мереке соңы концерттік бағдарламаға ұласты.