Әрбір жас терең білімді адал еңбекке ұштастыра білсе табысқа жетері сөзсіз. Бүгін осы қағиданы өмірлік ұстанымына айналдырған, елдің дамуына айрықша үлестерін қосқан табысты 30 жас «Сыр Үміті» сыйлығының иегері атанды.
Олар түрлі салада белсенділігімен көзге түсіп жүрген елдің үкілеген үміттері. Жастардың азаматтық және қоғамдық-саяси белсенділігін артыру мақсатында 2011 жылдан бастап өз ісінің көшбасшысы, нағыз патриот 120 белсенді азаматқа «Сыр үміті» сыйлығы табысталған болатын. Биыл да осы үрдіс жалғасын тауып, 30 жасқа лайықты құрмет көрсетілді. Олардың қатарында жетекші инженер, білікті дәрігер, халықаралық дәрежедегі спорт шебері мен өнерпаздар, ауылшаруашылығы саласының мамандары, сондай-ақ жас ғалымдар да бар. «Сыр үміті» сыйлығының иегерлері арнайы дипломмен және 150 мың теңге көлемінде сыйақымен марапатталды.
Аймақ басшысы «Сыр үміті» жастар сыйлығының иегерлерін құттықтап, елімізде, оның ішінде облысымызда жастар саясатын жүзеге асыру бағытында ауқымды жұмыс атқарылып жатқанын тілге тиек етті.
- Өздеріңіз білетіндей, Елбасы Қазақстанды әлемдегі ең озық 30 елдің қатарына қосуды мақсат етіп қойды. Ол елдердің экономикасы мен шаруашылығы, халықтың әлеуметтік жағдайы, білімі мен ғылымы едәуір алда. Бірақ олардың көпшілігінің бір үлкен осал жері де бар. Ол – жастарының аздығы. Ал біз болсақ, тез дамып келе жатқан аз ғана жас ұлттың қатарындамыз. Еліміздің әрбір үшінші тұрғыны жасы 30-ға толмаған әлеуметтік және экономикалық тұрғыдан белсенді жастар. Олардың дамуы, қоғамнан өз орнын табам деген талпынысы, Отаншыл ұстанымы мемлекеттің болашағын айқындайды. Біз жастарға үнемі қолдау көрсететін боламыз, - деді облыс әкімі Қ.Көшербаев.
«Сыр үміті» жастар сыйлығын иемденгендердің ішінде елдің атын шығарып, көк байрақты көкке көтеріп жүрген жерлестеріміз де бар. Дзюдодан ҚР Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, жасөспірімдер арасында тұңғыш Әлем чемпионы, жасөспірімдер жазғы Олимпиада ойындарының чемпионы Бауыржан Жауынтаев Сыр халқының мақтанышы. Елдің үмітін арқалаған жастардың арасында жұлдызы жанып тұрған Нұрым Сәлімгереев те бар. Ол – қазақ күресі, дзюдо, самбо мен белбеу күресінен спорт шебері. ҚР чемпионаттарының бірнеше дүркін жеңімпазы. Олар «Сыр үміті» сыйлығы өздеріне артылған үлкен сенім және зор жауапкершілік деп біледі.
Айта кетейік, өңірде жастар саясатын дамыту мақсатында арнайы Жол картасы қабылданған. Сонымен қатар, республика бойынша тек Сыр елінде ғана облыс әкімінің арнайы білім гранттары тағайындалып 300-ден астам талапты өрендер еліміздің түкпір-түкпірінде білім алуда.