Қызылордада азық-түлік бағалары қымбаттамайды

Аймақ
21.08.2015, 19:07

Қызылорда облысында азық-түлік өнімдерін ұстап тұру бойынша жедел штаб құрылды. Оны аймақ басшысы басқарады. Бүгін штабтың алғашқы отырысы өткізіліп, бағана тұрақтандыруға байланысты бірқатар тапсырмалар берілді.

Жалпы, штабты құрудағы негізгі мақсат Елбасы тапсырмасымен облыста азық-түліктің және тұрмысқа қажетті тауарлар бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу. Осылайша еліміздің жаңа экономикалық саясатқа көшу тұсында жағдайды қалыпты ұстауға жұмыс жасайды.

Штаб құрамында ауыл шаруашылығы, экономика, кәсіпкерлік, энергетика, ішкі саясат басқармаларының басшылары және ұлттық банк, статистика, монополияны реттеу саласының сондай-ақ, құқық қорғау органдарының өкілдері бар.

Түс ауа штаб мүшелері жергілікті тауар өндірушілермен, кәсіпкерлермен жәні ірі-ірі сауда орталықтардың басшыларымен кездесіп, бағаны тұрақты ұстау мәселелерін талқылады.

- Күніне екі рет барлық әлеуметтік маңызды тауарларға баға мониторингі жүргізілуде. Дүкендерде баға көтеру орын алған жоқ, біз бақылап отырмыз. Қымбаттауы мүмкін деген сырттан әкелінетін өнімдерге талдау жүргіздік. Қордағы тауар жеткілікті. Сондықтан алаңдаудың қажеті жоқ. Ең бастысы нанның бағасы негізсіз өспейді. Егін жинау науқаны аяқталуға жақын. Министрлікпен де бұл мәселені ақылдастық. Өңірге уақытылы ұн жеткізіліп тұратын болады. Өтпелі кезеңде жұдырықтай жұмыла білуіміз керек, - деді облыс әкімінің орынбасары Серік Қожаниязов.

 Жергілікті кәсіпкерлер де жағдайға түсіністікпен қарап, бағаны тұрақты ұстау жөніндегі ұсынысқа келісіп отыр. «Қаржы компания» ЖШС директоры Дамир Камешев «Байқоңыр» ӘКК жанынан құрылған «Дәмді» әлеуметтік дүкендерінде азық-түлік тауарларының қоры жеткілікті екендігін мәлімдеді. Сондықтан негізгі азық-түлік өнімдерінің бағасының өсуіне ешқандай қауіп болмайтындығын айтты.

Штаб мүшелері жалпы нарықтағы бағаларға сағат сайын мониторинг жүргізіп, бағаның негізсіз өспеуін қадағалайтын болады.

Сұхбат

PhotoRoom