Мәслихат депутаттары қамқорлық жасады

Аймақ
24.08.2015, 16:45

8426-640x437«Үмітіңді үзбе». Шымкентте осындай тақырыптағы шарапаты мол шара жалғысан тапты. Бүгін облыстың бір топ депутаты қаладағы саңырау балаларға арналған №1 мектеп-интернатқа арнайы ат басын бұрды. Білім ұясына қажетті техникалық қондырғылар мен заманауи жабдықтарды жеткізді. Жомарттық танытқан топтың айтуынша, мұқтаж балалар үшін әкелінген заттардың 10 жылдық кепілдігі бар. Мұны шетелден арнайы тапсырыспен алдырыпты. Халық қалаулылары қайырымдылық шарасы алдағы күндері өзге де балалар үйі мен мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қызмет ететін мекемелерде жалғасын табады деп отыр. Айта өтейік, бүгінде саңырау балаларға арналған №1 мектеп-интернатта 202 оқушы білім алады. Облыстық мәслихаттың депутаты Өмірзақ Мелдеханов «Мұқтаж мекемелерден қажетті заттардың тізімін сұратып, соны өзара депутаттар бөліп алып, сұратқан дүниелерді жеткізіп жатырмыз. Өз қалтамыздан сатып алып, оларға қуаныш сыйлау мақсатымыз. Бюджеттің қаржысына қарап қалуға болмайды, себебі қазынаның қаржысын бөлдіру үшін аз-кем уақыт керек. Алдағы уақытта қайырымдылық шарасын өткізуді жалғастырамыз. Бұл — біздің міндетіміз», дейді. Осылайша облыстық мәслихаттың депутаттары игі бастаманы одан әрі де жалғастырмақ ниетті. Қамкөңіл жандарға көмек қолын созу үлкен сауапты іс екені белгілі. Оларға өздерін қоғамымыздың бір мүшесі екендерін сезіндіру, олардың басқа жұртқа да керек екендерін білдіру, жәрдем жасау сияқты қамқорлық саңырау балалар үшін үлкен қуаныш.

Қиян ақпарат 

Сұхбат

PhotoRoom