ОҚО әкімі үздік ұстаздарды марапаттады

Аймақ
25.08.2015, 10:48

Бiлiм саласы қызметкерлерiнiң кезектi облыстық алқалы жиыны Шымкент қаласындағы «Түркiстан» сарайында «Жаңа бiлiм бағдарламалары, инновациялар және құзыреттiлiк тәсiлдеме – табысты мектепке қадамдар» деген атпен өттi, деп хабарлайды okg.kz. Мәслихатты облыс әкiмiнiң орынбасары Ерлан Айтаханов жүргiзiп отырды. Тамыз мәслихатына облысымыздың жаңа басшысы Бейбiт Атамқұлов қатысып, бiлiм қызметкерлерi алдында тұрған ауқымды мiндеттердi айқындап бердi. Жаңа бағдарламаларға сай тың талаптар қойылатынын естерiне салды.Әлемдегi озық отыз елдiң қатарына ену ең алдымен бiлiм беру саласына қатысты. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бес институттық реформаны жүзеге асыру жөнiндегi «100 нақты қадамның» 10 бағыты – бiлiм саласына арналуы тегiн емес. Сонымен бiрге өңiр басшысы жастарды бәсекеге қабiлеттi етiп тәрбиелеу, мектептердiң рейтингiсiн белгiлеу, бiлiм саласындағы сыбайластықты жою мәселелерiне тоқталды. Тәрбиеге тереңiрек көңiл бөлiнгенi жөн. Әлемдiк биiкке көтерiлудiң тағы бiр жолы – ағылшын тiлiн меңгеру. Осы орайда мұғалiмдердiң бiлiм сапасын арттырған жөн. Тағы бiр жәйт, Бейбiт Бәкiрұлы мұғалiмдердi қолбалаға айналдыруға қатаң тыйым салынатынын, ендiгi жерде оны тiкелей өз бақылауында ұстайтынын жеткiздi. Мәслихатта баяндама жасаған облыстық бiлiм, жастар саясаты және тiлдердi дамыту басқармасының басшысы Альбина Елшиева екi оқу жылы аралығында қол жеткiзген табыстарға жан-жақты тоқталды. Мемлекет пен Үкiметiмiздiң өскелең ұрпақтың ертеңi үшiн жасап жатқан шексiз қамқорлығы арқасында өңiрiмiзде өрелi тiрлiктер атқарылған. Айталық, бiлiм саласына биыл 184,9 млрд. теңге қаралған. Республикалық және облыстық бюджет есебiнен 23,7 млрд. теңгеге 104 бiлiм нысанының құрылысы жүргiзiлуде. Соңғы алты жылда 91 апатты және 32 үш ауысымды мектептiң мәселесi шешiлген. Республикадағы «Алтын белгi» иегерлерiнiң 30 пайызы бiздiң облыстан шығып отыр. 96 оқушы халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалар жарыстарының жеңiмпаздары ретiнде ҰБТ тапсырудан босатылған. Республика бойынша бiрiншi болып балалар бақшасы жүйесiн мемлекеттiк-әрiптестiк шеңберiнде кеңейту қолға алынды. Бүгiнде 1454 мектепке дейiнгi ұйымдардың 647-i жекеменшiк. Олардың 619-ында 61657 балақай мемлекеттiк бiлiм беру тапсырысы негiзiнде тәрбиеленуде.Бұдан әрi баяндамашы оқулықтар, балаларды ыстық тамақпен қамту, «Мектепке жол» акциясын өткiзу мәселелерiне тоқталды. Техникалық және кәсiптiк бiлiм беру саласы бойынша қол жеткiзген табыстар сараланды. Сөз соңында облыстық басқармада, сондай-ақ, аудандық, қалалық бiлiм бөлiмдерiнде әдiстемелiк кабинеттердi қайта жаңғырту керектiгiне көңiл аударды.

Бiлiм беру қызметкерлерiнiң кезектi оқу жылы қарсаңындағы басты жиыны қуанышты оқиғаларға жалғасты. Облысымыздың бiр топ ұстаздары ҚР Бiлiм және ғылым министрлiгiнiң Құрмет грамоталарымен, «Бiлiм беру iсiнiң құрметтi қызметкерi» және «Ы.Алтынсарин» төсбелгiсiмен марапатталды. Марапатты облыс әкiмi Бейбiт Атамқұлов пен облыстық мәслихаттың хатшысы Құдайберген Ержан салтанатты түрде тапсырды.

Сайгез ақпарат

Сұхбат

PhotoRoom