ОҚО әкімінің орынбасары жастармен кездесті

Аймақ
26.08.2015, 10:31

ҚР Конституциясының 20 жылдығы мерекесi қарсаңында Төлеби ауданы «Бiркөлiк» демалыс аймағының тау баурайында орналасқан спорттық жаттығу кешенiнде облыстың белсендi жастары үш күндiк семинар-тренингке қатысты. Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына орай бұл лагерь «Достық» деп аталыпты. Жастар арасында әр ұлттың өкiлдерi болды. Жалпы, 4 командаға бөлiнген олар түске дейiн тренерлердiң лекциясын табиғат аясында, ашық аспан астында тыңдады. Одан соң түрлi спорттық шараларға қатысса, кешке ойын-сауық ұйымдастырды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай жиын өткiзу үш жылдан берi дәстүрге айналған. Семинар-тренингтiң екiншi күнi облыс әкiмiнiң орынбасары Е.Айтаханов жастармен жүздестi. ОҚО бiлiм, жастар саясаты және тiлдердi дамыту басқармасы басшысының орынбасары Б.Жанәбiлов жиналғандар алдында басқосудың маңызына тоқталды. Бетпе-бет бейресми жүздесу барысында жастар Ерлан Қуанышұлына көптеген сұрақтар қойды. Өйткенi, оларды қызықтыратын тақырыптар аз емес едi. Жас отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету, студенттердiң жолақы мәселесi, букмекерлiк кеңселердiң жасы 21-ге толмаған жасөспiрiмдердi заңсыз тартуы туралы әңгiме бүкпесiз ортаға салынды. Облыс әкiмiнiң орынбасары Е.Айтаханов ҚР Президентiнiң 5 институттық реформасын жүзеге асыруға бағытталған Ұлт жоспары «100 нақты қадам», Қазақстан халқы Ассамблеясының халықты бiрлiкке үндеудегi рөлi, жастарға Үкiмет тарапынан жасалып жатқан қамқорлық жөнiнде әңгiмелеп, жұмыссыз жүргендердi Солтүстiк Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарына барып еңбек етуге шақырды.

Сайгез ақпарат

Сұхбат

PhotoRoom