Оңтүстік Қазақстан облысында жыл сайын мүмкіндігі шектеулі балаларға қамқорлық көрсетіп, сый-сыяпат жасап тұрады. Бұл білген адамға үлкен сауапты іс. Осындай іс-шаралар биыл да жалғасып жатыр. Мәселен, Ордабасы ауданында мүгедек балалардың жүректерiне шырақ, көңiлдерiне шуақ сыйлау мақсатында «Балаларға бiрге көмек берейiк» атты қайырымдылық акциясы өттi. Республикалық «Қалқа» қоғамдық бiрлестiгiнiң төрағасы Оралбай Досымов пен «Жабайы Тоқсаба» облыстық қоғамдық бiрлестiгiнiң төрағасы Ердiбай Сейiтбеков жаңа оқу жылының қарсаңында өткен акция аясында әр ауданнан 300 отбасыға көмек қолын созып жатқандарын жеткiздi. Олар бұған дейiн Қазығұрт, Сарыағаш, Төлеби, Бәйдiбек аудандарының балғындарын қуанышқа бөлеген екен. Аудан орталығы Темiрлан ауылындағы Мәдениет үйiнде өткен iс-шараны аудан әкiмi С.Сапарбаев ашып, әлеуметтiк жағдайы төмен отбасылардан шыққан балалар мен мүмкiндiгi шектеулi балаларға жыл сайын аудан әкiмдiгi тарапынан көмек берiлетiнiн айтты. «Қайырымдылық» акциясына демеушiлiк етiп жүрген сiздерге және осы игi бастаманы ұйымдастырушы «Ордабасы құс» ЖШС-нiң, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының төрағасы Мұрат Тағаевқа рахмет айтамын, – дей келе Самат Айдарханұлы имандылық iс жасаған қос азаматқа Алғыс хат тапсырды. Мәдениет үйiнiң өнерпаздары жиналған балғындарға ән мен күйден шашу шашып, жүздерiне шуақ ұялатты.
Сайгез ақпарат