Оңтүстік Қазақстан облысында түрлi сала басшылары 6 айда атқарған жұмыстарын «Оңтүстiк» ақпарат орталығында ұйымдастырылған арнайы брифингте баяндай бастағаны белгiлi. Бұл жолы «Оңтүстiк-Батыс мал және өсiмдiк шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» бас директорының орынбасары Н.Әлiбаев журналистерге мекеменiң жыл басынан берi атқарған негiзгi тiрлiктерi жайында айтып бердi. Баяндамашының мәлiмдеуiнше, жоғарыда аталған институт төрт түлiк малдың жаңа тұқымдарын, ауыл шаруашылығы дақылдарының жаңа сұрыптары мен будандарын өсiрумен және таратумен айналысады. Сондай-ақ, осы мекемеде аграрлық салаға маманданған кадрлар қайта даярланып, институт ғалымдарының көмегiмен төрт түлiк пен өсiмдiктердiң тұқымдық жаңа материалдары шығарылады. Қазiргi таңда мұнда 76 ғалым қызмет атқарады. Соның iшiнде ҚР Ұлттық Ғылым Академиясының 2 академигi бар. Институт жанынан «Тассай» бiлiм тарату орталығы ашылған. Онда диқандар мен шаруаларға арналған оқыту семинарлары жиi ұйымдастырылып тұрады. Н.Әлiбаевтың айтуынша, осы күнге дейiн мұнда 95 шеберлiк-сыныбы өткiзiлiптi. Соның нәтижесiнде семинарға қатысқан 2290 агроөнеркәсiп кешенi субъектiсiне арнайы сертификаттар тапсырылды. Мекеменiң 7 инновациялық тәжiрибесi және 205 шаруашылық келiсiмшарттар негiзiндегi ғылыми жасалымдары қолданысқа енгiзiлдi. Сонымен бiрге әдiстемелiк құралдар мен ғылыми кеңестерден тұратын 90 кiтапша басылып шығарылды. Институт мамандарының жетекшiлiгiмен елiмiздiң оңтүстiгi мен батыс өңiрлерiнде жайылымдық жерлердiң өсiмдiк қорын молайту бағытында бiраз жұмыстар атқарылды. Тұқым, қарқынды бау, тәлiмбақ шаруашылықтарының дамуына да ғалымдар сүбелi үлес қосып келе жатқанын айта кеткен абзал. Қазақтың қылшық жүндi құйрықты қойынан тұқымы шығарылған «Ордабасы» қойларының саны облыста 45 мыңнан асыпты. Н.Әлiбаев кезiнде жүнiне бола көптеп өсiрiлген Оңтүстiк қазақ мериносының саны бүгiнде бiршама азайып қалғанын жасырмады. Қойдың бұл түрiн қазiргi уақытта санаулы ғана шаруашылық мемлекеттiк дотацияның арқасында ұстап отыр. Дегенмен, келешекте жүнге деген сұраныс қайта өсiп, жағдай бiрден өзгеруi мүмкiн. Сондықтан Н.Әлiбаев Оңтүстiкте қазақ мериносының гендiк қорын жоғалтпай, сақтап отырғандарын айтады.
Сайгез ақпарат