Қуатты мемлекеттің басты тірегі - өркендеген өңірлер деген ұстанымға негізделе отырып, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Асқар Мырзахметов өзінің партиялық қызметін жергілікті филиалдардың хал-жағдайымен танысудан бастады. 2 қыркүйекте партия Төрағасының Бірінші орынбасары алғашқы жұмыс сапарымен Оңтүстік өңірге барып, облыстық филиалдың кезектен тыс конференциясына қатысты. Аталған шара барысында Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалының төрағасы болып облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов бірауыздан сайланды.
Партия филиалының кезектен тыс ХХІV конференциясына сондай-ақ облыстық филиалдың Саяси кеңес мүшелері, мәслихат депутаттары, мемлекеттік мекеме жетекшілері, облыс қалалары мен аудандарынан сайланған делегаттар қатысты.
Партия активінде филиалдың алдағы жұмыстағы басты мақсат-міндеттерін айқындап, нақты тапсырмалар берілді. Атап айтқанда, бұдан былай бас партия басымдықты бюджет қаражатының тиімді әрі сапалы жұмсалуына береді. Әсіресе өңірлерде мемлекет қаржысына жүзеге асырылып жатқан түрлі бағдарламаларға бақылау күшейтіліп, қатаң қадағалау қолға алынады. Одан бөлек бастауыш партия ұйымдарының орталық аппаратпен байланысы нығайтылады, бірізділеніп жүйеленеді. 6700-ге жуық бастауыш партия ұйымдары - «Нұр Отанның» негізгі күші. Осыны дұрыс пайдаланып, өңірлерде кездесетін көптеген өзекті мәселелердің дер кезінде шешілуіне атсалысу қажеттілігі баса айтылды.
Тағы бір өзекті мәселе - қоғамдық қабылдау бөлмелерінің белсенділігін арттыру. Ол үшін қоғамдық қабылдаулар халықтан түсіп жатқан арыз-шағымдар бойынша терең талдау жүргізіледі. Яғни, белгілі бір шағым қандай себеппен, қандай орган жұмысына байланысты түскенін нақты анықтап, оның шешілуіне ықпал етіп, шешімін таппаған жағдайда тиісті орган басшыларына шара қолдану тиіс.
Қоғамдық қабылдау жұмысына жүргізілген талдауға байланысты мәслихаттарда жергілікті билік органдарының, Парламентте орталық атқару органдары басшыларының есебі тыңдалады.
Бұған қоса алдағы уақытта «Нұр Отан» партиясының Мәжілістегі және барлық деңгейдегі мәслихаттардағы фракциялары арқылы жергілікті жерлерде қарапайым халыққа қиындық тудырып, өндірістің, ауыл шаруашылығының, шағын және орта бизнестің дамуына кедергі болып жатқан мәселелерді анықтап, партияның Мәжілістегі фракциясы арқылы заңнамалық құжаттарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселесі көтерілді. Ол үшін өңірлердегі өзекті мәселелердің тізбегін айқындап, Орталық аппаратқа ұсыныс беру тапсырылды.
Алдағы уақытта партия жұмыстарының басым бағыттарының бірі – жастар саясаты болмақ. Ендігі жерде Жастар қанатының жұмысы практикалық тұрғыдан жүргізіледі. Бұл үшін жастар саясаты саласындағы барлық бағдарламаларға талдау жүргізіп, олардың тиімділігін бағалап, жүзеге асыруға белсене атсалысатын болады. Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлыққа қарсы идеология мен жұмысты барлық деңгейдегі, оның ішінде жергілікті жердегі партиялық құрылымдарды тарта отырып күшейтіледі.
Жиын барысында әлемдік экономика қарқынын тежеген жаһандық дағдарыстың салдарына қатысты елде жаңа экономикалық саясатқа бет бұрғанын, және осы орайда Елбасының азаматтар алдындағы әлеуметтік міндеттемелерді толығымен орындау қажеттігі жайлы тапсырмасы да сөз болды. Бұндай шара халықтың мүддесі үшін жасалып отырғаны айтылды. Ендігі жерде елдегі жетекші әрі бүкіл халық алдындағы жауапты саяси күш ретінде «Нұр Отанның» алдында тұрған аса маңызды міндет – ел арасында тиісті түсіндіру жұмыстарын жүргізу, қазақстандықтарды Бес институционалдық реформаны және «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыруға жұмылдыру, мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуына тиімді бақылауды қамтамасыз ету болмақ.
Жаңадан сайланған Бейбіт Атамқұлов өзіне білдірген сенімдері үшін партияластарына ризашылығын білдіріп, филиал төрағасы ретінде оған зор жауапкершілік жүктеліп отырғанын айтты. Сондай-ақ жаңа үдерістерге байланысты әрі партия Төрағасының берген тапсырмаларына сәйкес филиал жұмысында да бірқатар бағыттар бойынша жандандыру жұмыстарын жүргізетіндігін жеткізді.
Сондай-ақ, іс-шара барысында 2015 жылы атқарған жұмыстары туралы партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Алмасбек Мамытбековтың есебі тыңдалды.
nurotan.kz