Халықты жұмыспен қамту орталығының ұйымдастыруымен бос жұмыс орындары жәрмеңкесі болып өтті. Мақсаты - «Жұмыспен қамту-2020 жол картасы» бағдарламасын іске асыру.
Жәрмеңкеге барлығы 17 мекеме қатысып, 58 бос жұмыс орындар ұсынылды. Оның ішінде ең көп бос лауазымға ұсыныс берген «Кентау трансформатор зауыты» АҚ. Олар - 26 маманға сұраныс берді. Ал «Яссы» колледжі - 8, №7 Колледжі - 6, сонымен қатар Әл-Фараби атындағы №14 мектеп, Байылдыр ауылындағы С.Қожанов атындағы №9 мектеп, Ащысай ауылындағы екі білім беру мекемесі және Ю.Гагарин атындағы №16, Т.Рысқұлов атындағы №24 мектептерге орыс тілі мен орыс әдебиеті, физика, ән күй мамандары қажет. Сондай-ақ, Кентау қалалық емханасы, «Ащысай Су», «Тазалық Кентау», «Жасыл Кентау», «Сәуле» бөбекжай балабақшасы, «Болашақ» бөбекжай балабақшасы, ОҚО арнаулы кәсіптік колледжі, ТҮКШ, ЖК және АЖ бөліміне түрлі мамандар тапшы.
Жәрмеңке қорытындысында «Болашақ» бөбекжай балабақшасына 1 маман, Әл-Фараби атындағы №14 мектеп-гимназиясына ағаш ұстасы, орыс тілі мұғалімі, №9 жалпы орта мектебінің мектеп алды даярлық тобына 1 маман, «Кентау трансформатор зауыты» АҚ 2 маман, «Жасыл Кентауға» 1 маман, «Тазалық Кентауға» 4 маман, «Ащысай Су» мекемесіне бір инженер өздерінің құжаттарын тапсырып, жұмысқа орналасуға жолдама алды. Осы жылдың 1 тамызына 1244 адам жұмыспен қамту орталығында жұмыссыз болып тіркеуде тұр.«Жұмыспен қамту-2020 жол картасы» бағдарламасын іске асыру мақсатында жұмыссыздар деңгейін төмендетуге қол жеткізілді. Егер 2014 жылы жұмыссыздық деңгейі Кентау қаласы бойынша 6,5% болса, 2015 жылдың 1 қаңтарына 6,0% көрсеткішке жетті. Алдағы уақытта шағын қалаларды дамыту бағдарламасының жоспары бойынша жұмыссыздық деңгейін 5,5% жеткізу жоспарда тұр.