Қазақстандық сарапшылар ауған әріптестерімен аймақтық қауіпсіздіктің өзекті мәселелерін талқылады

Рейтинг
04.09.2015, 10:30

Тамыз айының 28-30-ы аралығында ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының (ҚСЗИ) директоры Ерлан Қарин бастаған қазақстандық сарапшылар Кабул қаласында болды.

Ауған жерінде бірнеше сараптамалық және зерттеу орталықтарымен кездесулер өтіп, екіжақты ынтымақтастық, аймақтық қауіпсіздік мәселелері талқыланды.

Жұмыс сапары кезінде ҚСЗИ делегациясы Қазақстан Республикасының Ауғанстандағы елшілігімен бірлесіп, белгілі саясаттанушылар қатысқан «Қазақстан-ауған қарым-қатынасының жағдайы мен болашағы» атты дөңгелек үстел ұйымдастырды. Шараға Ауғанстан стратегиялық зерттеулер институтының аға ғылыми қызметкері А. Мохаммад, Ауғанстанды зерттеу бойынша америкалық институттың бас директоры Р. Амин, Ауғанстан Ислам Республикасы бірінші вице-президентінің сыртқы саясат бойынша кеңесшісі Ю. Таугра аға кеңесшісі О. Самад және тәуелсіз саясаттанушы А. Ноян қатысты.

Сарапшылар аймақтағы қазіргі жағдайдан бастап, Қазақстан мен Ауғанстанның ғылыми қауымдастықтары арасындағы өзара қатынастары мәселелеріне дейін талқыға салды.

Әсіресе, дөңгелек үстел отырысында Е. Қарин таныстырып өткен ҚР Президенті ұсынған 5 институционалды реформа мен «Нұрлы жол» бағдарламасының мазмұны ауған сарапшыларының қызығушылын арттырды. Олардың айтуынша, Қазақстан жүзеге асырып отырған көліктік дәліздік жобалар аймақта экономикалық жаңа мүмкіндіктер ашады.

Осы жылдың 27 тамыз күні Қазақстан мен МАГАТЭ Өскемен қаласында аз байытылған уран банкі құру туралы келісім шартқа қол қойғаны жайлы айтылды. Шараға қатысушылар Қазақстанның аймақтық, ядролық қауіпсіздікті арттырудағы ролін ерекше бағалады.

Карин ООН

Сондай-ақ, ҚСЗИ делегациясының сарапы аясында ауған сараптамалық орталықтарымен жекелеген кездесулер өткізілді. Атап айтқанда ҚСЗИ директоры Е. Қарин Ауғанстан Ислам Республикасы СІМ стратегиялық зерттеулер орталығының директоры Фарамарз Тамманнамен кездесті. Тараптар қазақ-ауған ынтымақтастығына мүдделі екенін жеткізді. Жүздесуде ауғанстандықтар ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асқан Ауғанстанға гуманитарлық көмек көрсету бағдарламасы үшін ризашылық білдірді. Аталған бағдарлама бойынша қазақстандық ЖОО-лар ауған мамандарын әзірледі. Бұл өз кезегінде Ауғанстанның дамуына қосылған өлшеусіз үлес.

Сарапшылар кездесуінде БҰҰ миссиясының саяси мәселелер жөніндегі аға қызметкері Абдусамат Хайдаровпен де әңгімелесудің сәті түсті. Бұл кездесуде Ауғанстандағы жағдайды реттеу мәселелеріне көңіл бөлініп, аймақтық қауіпсіздік тақырыбы көтерілді.

Карин меморандум

ҚСЗИ делегациясының Ауғанстанға сапарының тағы бір маңызды жері ҚСЗИ мен Ауғанстан стратегиялық зерттеулер институты (АСЗИ) арасындағы өзара түсіністік жөніндегі Меморандумды бекіту болды.

АСЗИ Ауғанстанның дамуы жолындағы стратегиялық мәселелерді шешу, интеллектуалды кеңістік қалыптастыру мақсатында құрылған.

Меморандумға қол қою рәсімі барысында ҚСЗИ делегациясы АСЗИ-дің бас директоры Давуд Морадианмен және институт қызметкерлермен кездесті.

Кездесу соңында тараптар Астана қаласында Қазақстан-ауған сарапшыларының форумын өткізуге келісті.

 

 

Сұхбат

PhotoRoom