Шымкент қаласындағы көпқабатты тұрғын үйлердің 80 пайызы қысқы жылыту маусымына дайын. Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен мәжілісте облыстық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және жолаушылар көлігі басқармасы басшысының орынбасары Лесбек Серікбаев мәлімдеді.
Қазір Шымкентте жылу беру маусымына дайындық жұмыстары қызу жүргізілуде. Жауапты мамандардың сөзіне сүйенсек, бүгінде қаладағы үйлердің 80 пайызы жылыту маусымына дайын. Орталықтандырылған жылумен қамтамасыз етілетін жалпы 1922 үйдің 160-ы бүгінде шағын қазандықтар арқылы жылытылады. Қалған 20 пайызында жұмыс жорғарғы қарқынмен жүргізілуде. Бюджеттік мекемелердің де қысқа дайындық жұмыстары кестеге сәйкес жүргізілуде, -- деді Лесбек Әуесханұлы.
«Қуатжылуорталық-3» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны ішкі орамдық жылу жүйелерінің 9,2 шақырымын жөндеп, ағымдағы жұмыс толықтай орындалған. Сондай-ақ, жылу жүйелерін жөндеуден өткізу үшін ұлттық қордан қосымша 14,7 млн. теңге қаржы бөлінген. Ескі жабдықтар қайта жаңартылу үстінде.
Ал, қазіргі таңда Шымқалада жалпы 354 бюджеттік мекеменің 336 мекемесі қысқы маусымға дайын. Сала басшылары жылу маусымына дайындық жұмыстары 15-қазанға дейін жалғасады деді.
Мәжілісті ашып жүргізіп отырған облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қаныбеков ауа-райы болжамына қарағанда биыл қыс ерте түсуі мүмкін екенін, сол себепті жылыту маусымына дайындық жұмыстары уақтылы әрі сапалы жүргізілуі тиістігін атап өтті.