ОҚО әкімі Б.Атамқұлов жұмыс сапарымен Арыста болды  

Аймақ
16.09.2015, 17:46

Бүгін, 16 қыркүйек, облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов Арыс қаласындағы бірқатар шаруа қожалықтары мен салынып жатқан құрылыс нысандарының жұмысымен танысты деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Өңір басшысы, ең алдымен Ақдала елді мекеніндегі су айдау стансасын аралап, жергілікті тұрғындардың таза ауыз сумен қамтылу жайын бақылады. Ал, Арыстағы 32 елді мекенінде тұратын 72622 халықтың бүгінде 66 мыңға жуығы құбыр суымен қамтылған. Бұл жалпы халықтың 90,7 пайызын құрайды.

Аймақ басшысы сапары барысында тәулігіне  25 литр сүт беретін, бүгінде бір мыңға жуық голландиялық ірі қара малы бар «Қазына жер LTD» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде болды. Неміс технологиясы бойынша жұмыс істейтін сүт фермасы күніне 7 тоннаға жуық сүт алады. Күнделікті сауылған сүтті «Алтын Дән» және «Фудмастер»  сүт өнімдерін өндіретін зауыттарға өткізуде. Сондай-ақ, облыс әкімі аталған серіктестіктің тамшылатып суғару әдісімен отырғызылған пияз алқабын көрді. Мұнда жаңа әдіспен 100 гектар жерге пияз егілген. Ал шаруалар пияздың әр гектарынан 800 центнерден өнім алуды жоспарлап отыр.  Аталған алқапта 55 адам жұмыспен қамтылған.

Бейбіт Атамқұлов Арыстағы «Агрофирма Жаңа Ақдала» ЖШС-нің бау шаруашылығында болса,  облыстық маңызы бар ұзындығы 100 метр болатын бүгінде күрделі жөндеуді қажет ететін Арыс өзенінің үстіндегі көпірдің жағдайымен танысты. Аталған көпірдің жобалық сметалық құны  359 млн теңге. Сонымен қатар, шаһардағы 500-ден астам пәтерді жылумен қамтитын орталық қазандықтың, іргетасының қаланғанына жарты ғасырдан асқан Абай атындағы мектеп-интернатының күрделі жөндеу жұмыстарымен танысып шықты. Сосын күрделі жөндеуден өтіп жатқан бірқатар көшелердің жұмысымен, батырлар алаңының абаттандыру жұмыстарын және де күрделі жөндеуден өткен 310 орындық қалалық мәдениет үйінің жұмыстарымен танысты. Жаңадан бой көтерген дене шынықтыру сауықтыру кешенінің бүгінгі ахуалын бағамдады.

Ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайымен танысқан облыс әкімі тиісті сала мамандарына құрылыстың сапасы мен кестеге сай  аяқталуын қадағалауды тапсырды. Ауыл шаруашылығы саласында сүт өнімдерінің көлемін арттыруды, тұқымы құрып бара жатқан қаракөл қойын көбейтуді тапсырды. Қой шарушылығының бұл түрін дамыту үшін жергілікті ақсақалдар кеңесін құрып, семинар өткізу қажеттігін айтты.

Сұхбат

PhotoRoom