Қызылорда облыстық мәслихатының 39 кезекті сессиясы өтті. Онда облыстық мәслихаттың жұмыс жоспарына депутаттардың ұсынысымен енгізілген «Облыс аумағында еңбек құқықтарының сақталу жайы және оны жақсарту шаралары туралы» мәселесі қаралды.
Облыстық мәслихат депутаттарының бастамасымен құрылған уақытша комиссия мен қала және аудандарда құрылған жұмысшы топтары жоғарыда аталған мәселе бойынша облыс орталығы мен аудандардағы ірі кәсіпорындарды, мәдени және білім ошақтарын, өндіріс орындарын аралап, зерттеу-зерделеу жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде мәслихат депутаттарынан құрылған комиссия көптеген мекемелер мен кәсіпорындарда жұмыс берушілердің тарапынан жұмысшылар құқықтарының сақталмауы орын алғанын, кәсіподақтардың құрылмағанын, жұмысшылармен еңбек шарттары жасалмағанын анықтады.
Сессия жұмысына қатысқан облыс әкімі Қырымбек Көшербаев аймағымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуы мен өңірімізде атқарылып жатқан бірқатар шараларға тоқталып өтті.
Сессия барысында облыс әкімінің орынбасары Наталья Годунова «Облыс аумағында еңбек құқықтарының сақталу жайы және оны жақсарту шаралары туралы» тақырыбындағы баяндамасын жасап, мәслихат депутаттары тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді. Осы мәселеге байланысты облыстық мәслихатта құрылған уақытша комиссияның төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Өмірбек Жүсіпов қосымша баяндама жасады. Аталған мәселеге орай облыстық мәслихат депутаты Нұрмұрат Ерманов пен облыстық кәсіподақтар орталығының төрайымы Сәуле Ілиясова жарыссөзге шығып, өз ойларымен бөлісті.
Тұрақты комиссияның жеке отырыстары мен бірлескен отырыстарында мәслихат депутаттары бірқатар мәселелерді талқылап, облыс әкімдігіне еңбек қатынастарындағы заң бұзушылықтарды реттеу жұмыстарын күшейтуді, кәсіподақ ұйымдарымен бірлесе жұмыс берушілер мен жұмысшылар арасында ұжымдық шарттар жасау бойынша түсіндірме жұмыстарын жалғастыруды, мүгедектер үшін белгіленген квотаның сақталуын қамтамасыз етуді, қызметкерлердің еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау мәселелері бойынша білімдерін тексеру жұмысын жандандыруды ұсынды.
Сонымен қатар, шетелдік жұмыс күшін тартуға берілген рұқсаттың ерекше шарттарының орындалуын қадағалау, жұмыс берушілер мен жұмысшылардың еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау мәселелері бойынша кешенді және салалық оқу жоспарларын құру және оған бюджеттен қаржы қарастыру, облыс көлеміндегі мекемелер мен ұйымдарда кәсіподақ жұмысын қолға алу ұсынылды.
Сессия соңында күн тәртібіндегі бірқатар мәселелерге байланысты шешімдер қабылданды.